389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та Трампқа қарсы импичмент жариялау процесі басталды

  • 199
  • UPD: 22:03, 25.09.2019

Сөйтіп, Нью-Йоркте жер-жаһанның көшбасшы саясаткерлері әлемнің тағдырына алаңдап кеңес құрып жатқан тұста АҚШ-тағы белсенді топ Дональд Трампқа қарсы импичмент жариялау процесін бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, америкалық көшбасшы Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен кезде сайлаудағы қарсыласы Джо Байденнің ұлына қатысты тергеу бастауын талап еткен.

Бұл оқиға демократтар мен республикалықтардың арасына от салды. Тіпті өкілдер палатасы мемлекет басшысы лауазымын асыра пайдаланып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді деп отыр. Жансұлу Дүйсенәлі тарқатады.

Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесем деп Дональд Трамптың басы дауға қалды. Енді Ақ үй басшысы мерзімінен бұрын орынтағынан айрылып, тіпті жауапқа тартылуы мүмкін. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пэлоси осылай дейді.

Нэнси Пелоси, АҚШ өкілдер палатасының спикері:

- Президенттің әрекеттері еліміздің Конституциясына қайшы. Тіпті «ойыма келгенді істеймін» деуі лауазымын асыра пайдаланды дегенді білдіреді. Соңғы бірнеше ай бойы біздің комитет импичментті іске қосу үшін зерттеулер жүргізді. Ал, осы аптада мемлекет басшысының өзі Украина президентінен Байденге қарсы тергеу бастауын сұрағанын мойындады. Трамп бұл арқылы елге берген антына, ұлттық қауіпсіздікке, сайлау институтына опасыздық жасап отыр.

25 шілде күнгі қоңырауға байланысты енді бірнеше тергеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Себебі Конгресстің мәлімдеуінше, Трамп Украина президентінен өзінің сайлаудағы қарсыласы Джо Байденнің отбасына қатысты тергеу бастауды талап еткен. Оның орнына Зеленскийге әскери көмек көрсетемін деп уәде берсе керек.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Мен АҚШ пен Украина арасындағы қарым-қатынас өте жоғары деңгейде боларына сенімдімін. Дональд Трампты іссапармен Киевке шақырғымыз келеді. Ол көп жылдар бойы Украинаға келмепті. Сондықтан алдағы уақытта ресми іссапар туралы ортақ келісімге келеміз деп ойлаймын.

Трамптың өзі телефон арқылы әңгіме кезінде ешқандай заң бұзбағанын айтады. Тіпті қоңыраудың толық нұсқасын жариялаймын деп уәде етті. Киев те «ешқандай қысым көрген жоқпыз» деп отыр. Ал, Ақ үй басшысы импичмент процесінің басталуы туралы БҰҰ сапары кезінде журналистерден естіді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Мен импичмент туралы әлі естімедім. Дегенмен, демократтардың әдеттегі жаласы бұл. АҚШ – әлемдегі ең мықты мемлекет. Экономикалық көрсеткіштеріміз де ең жоғарғы деңгейде. Ал, Нэнси Пелоси болса, импичмент туралы айтып тұр. Ол әлі қоңыраудың толық нұсқасын тыңдап көрмеген. Онда ешқандай заңға қайшы әрекет болған жоқ. Джо Байденнің ұлына қатысты айтарым. Ол Украина мен Қытайдан миллион долларлап ақша алып келген. Неге сол туралы айтпайды? Масқара ғой бұл.

Трампқа қарсы импичментке қатысты АҚШ тұрғындарының да пікірі екіұшты.

Блиц 1: (( АҚШ, Лос-Анджелес):

- Импичмент дәл қазіргі саясатта орынсыз дер едім. Конгресс үкіметті басқарып, нақты мәселелерді шешумен айналысуы керек. Бір адамның ізіне түсу, негізсіз дер едім.

Блиц 2:

- Трампқа қарсы импичмент 2016 жылы басталуы керек еді. Оған қарсы айғақтар жетерлік. Нэнсидің бастамасын қолдаймын.

Әзірге импичменттің жүзеге асу-аспауы екіталай. Өйткені процесс іске қосылғанның өзінде Жоғары палатаға жолданады. Ал, Сенаттағы басымдық республикалықтарда. Бұған дейін АҚШ тарихында үш Президентке қарсы импичмент жарияланған. Бірақ барлығы нәтижесіз аяқталған еді. Егер демократтардың бұл бастамасы қолдау таппаса, Дональд Трамп бұдан тек пайда көреді. Президенттік сайлауға 400 күн қалған уақытта басты қарсыласы Джо Байденнің рейтингі төмендейтіні де сөзсіз.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы