389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп & Зеленский әңгімесі: екеуінің көздегені не?

  • 211
  • UPD: 22:45, 26.09.2019

Соңғы күндері Америкаға әлем саясаткерлері жиылып, жаһан назары сонда ауды.

Олар дүниедегі қауіп-қатерді қайтіп сейілтеміз деп кеңес құрды. Сөйтіп жатқанда сол Американың өзінде Трампқа қарсы импичмент процесі басталды. Даудың басы – Украина президенті Зеленскиймен арадағы әңгіме. Демократтар шу көтерген соң, Ақ үй әкімшілігі екі ел басшысының сөйлескен сөзінің толық стенограммасын жариялаған. Бірақ осы арқылы мәселенің ақ-қарасын дәлелдеймін деген Трамп керісінше жағдайды ушықтырып алған сыңайлы. Себебі мемлекет басшылары Джо Байденнен бөлек, басқа да даулы тақырыптарды қозғағанға ұқсайды.

Мемлекет басшылары Германия, Франция және Еуроодақтың Украинаға жеткіліксіз көлемде қаржылай көмек көрсетіп жатқанын талқылаған. Одан бөлек, Украина президенті бұл стенограмманы жариялауға рұқсатын бермегенін айтып, жұртты таңырқатты.

Кешелі бері жаһандық БАҚ әлемдегі жағдайды тұрақтандыруға арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысын емес, АҚШ пен Украина арасындағы өзара құйтырқы уағдаластықтарды талқылап әлек. Екі басшының екі ай бұрынғы телефон арқылы әңгімесі неге күрт талқыға түсті дерсіз? Себебі тінту қызметіндегі әлдекім Трамптың әңгімесін Әділет министрлігіне енді ғана жеткізген. Ол Трамп Зеленскийден АҚШ-тың бас прокурорымен сөйлесіп, Джо Байденнің ұлына қатысты тергеу бастауын сұрады деген ақпарды таратады. Сөйтіп, бұл жаңалық конгреске жетеді. Демократтар мүмкіндікті жібермей, бірден импичмент процесін бастайды. Ал Ақ үй басшысы ешқандай заңды бұзбағанын айтып, екі жақтың келісімімен әңгіменің толық стенограммасын жариялады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Мен ешкімге қысым көрсеткен жоқпын. Сондықтан осы стенограмманы жариялап, ашықтықты көрсеткім келді. Бұл – екі ел президентінің әдеттегі әңгімесі. Мұны жыр қылып, маған импичмент бастағанша, Джо Байденнің мәселесін талқылау керек. Шынында ол вице-президент кезінде ұлының талай жемкорлық әрекетіне көз жұма қарап, тергеуді тоқтатып тастаған.

Дональд Трамп енді БҰҰ 74-сессиясы аясында Владимир Зеленскиймен би ту би кездесті. Тараптар қол алысып, бір-біріне алғыс айтты. Трамп Украина президентінің танымалдылығын арттыра түстім деп қалжың-аралас әңгімесін бастады. Зеленский бұл тарихи кездесу деп, Ақ үй басшысына ризашылығын білдірді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Кездесу өте жоғары деңгейде өтті. Тарихтағы ең мықты кездесу. Рақмет, Дональд Трамп мырза! Рақмет, саған Нью-Йорк!

Бірақ екеуара әңгіме жарасымды болғанмен, кейінгісі өзгеше сипатта жалғасты. Зеленский журналистермен кездесуінде телефон арқылы әңгіменің стенограммасын жариялауға қарсы болғанын мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Маған ешкім де, ешқашан да қысым көрсете алмайды. Олар бүгін барлық әңгіме барысын жариялай салды. Менің ойымша, тәуелсіз мемлекет басшыларының жеке әңгімесін бүкіл әлемге көрсетудің қажеті жоқ. Себебі геосаяси мәселелер, жаңа жоспарлар бар дегендей. АҚШ тарапы жариялаймыз дегенде, тек Трамптың сөзін ғана көрсетеді деп ойладым.

Украина президентінің бұлай алаңдауына себеп бар. Өйткені екі басшының әңгімесі кезінде тараптар Еуроодақ пен Германия, Франция елдерінің Украинаға қажетті деңгейде көмек көрсетпей жатқанын талқылаған. Бұл жаңалықтан соң, Еуроодақ тарапы 2014 жылдан бері Киевке 15 млрд еуро көлемінде қаржы аударғанын мәлімдеді. Берлин де Украинаның шығысында қақтығыс басталғалы бері 1,4 млрд еуро қаржылай көмек көрсеткенін жариялады.

Алан Лицтман, сарапшы:

– Әрине, бұл әңгімеде Дональд Трамп Зеленскийге сен маған көмектес, мен де қарыз болып қалмаймын деп ашықтан ашық айта алмайды. Дегенмен жарияланған стенограммада Ақ үй басшысы осыны меңзегені көрініп тұр. Украина АҚШ-қа байлаулы. Серіктестік олар үшін маңызды. Сондықтан өтінішін жерге қалдырмайтыны анық. Дегенмен Трамп Украина президентіне де қызметін асыра пайдалануды ұсынып отыр.

Бұл даулы мәселе енді Вашингтон мен Киев арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер етеді? Сарапшылар өз болжамдарын айтса, Украина тұрғындары алаңдаушылықтарын жеткізді.

БЛИЦ:

– Егер Зеленский Трамппен серіктестік орнатудан бас тартса, Украинаның жағдайы қиындай түсері анық. Бізге Ресей мен Еуропа елдерінің көмегі қажет болады онда.

– Дәл қазір Вашингтон мен Киевтің қарым-қатынасына сызат түседі деп айта алмаймын. Себебі Ресей мен АҚШ-тың дауы таусылмайды. Ал Украина арқылы ресми Мәскеуге әсер етуге болады. Сондықтан АҚШ Зеленскиймен осындай уағдаластыққа мән беріп отыр. 

Осылайша екі ел басшының телефон арқылы әңгімесін жұрт сан-саққа жүгіртіп әлек. Онсыз да Трампқа жұлдызы қарсы демократтар импичмент процесін бастады. Себебі Ақ үй басшысының Украина президентіне қарсыласы Байденге қатысты тергеу бастауды талап етуі ұлттық қауіпсіздікке қатер дейді олар. Ал төменгі палата тергеуді бастап кетті. Бірақ түбі импичмент мәселесі Сенатқа жолданады. Ал ондағы басымдық республикашылықтарда.

Хабар 24 телеарнасы