388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда қоқыстың үштен екісі қайта өңделеді

  • 221
  • UPD: 13:05, 27.09.2019

Немістер қоқыс сұрыптауды осыдан 30 жыл бұрын бастаған. Еуроодақ елдерінің ішінде Германия қалдықты қайта өңдеуі бойынша көш бастап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетерлігі, қоқыстың үштен екісі қайта өңделеді. Ал, қалдықты сұрыптауға бей-жай қарайтындарға айыппұл салынады.

Германияда тұрмыстық қалдықтың 60%-і қайта өңделеді. Бұл әлем бойынша ең жақсы көрсеткіш. Мұнда сары контейнер фольгаға, көгі қағазға, ал қарасы тағам қалдықтарына арналғанын кішкентай балаға дейін біледі.

Филипп Зоммер, Deutsche UmwelThilfe ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

- Қалдықтарды сұрыптау зауыттан емес әр үйден басталады. Сондықтан зауытқа іріктелген материал келеді. Бұл, әрине, жұмысты жеңілдетеді. Қоқыстың барлық түрін сұрыптаймыз. Елдің әр ауданында контейнердің үш түрі бар. Негізгі идея – қалдықсыз өндіріс. Сол себепті қолданылған бөтелкелердің 40%-і қайта дүкен сөрелеріне оралады.

Ірі супермаркеттерде пластик ыдысты қабылдайтын арнайы аппарат тұрады. Бір пластик үшін 25 цент береді. Тұрғындар ақша табу үшін емес қоршаған ортаны ластамау үшін тапсырады. Алайда Германияның қоқыс өндіруде әлем елдері бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын да ұмытпайық. Орта есеппен алғанда, бір адам жылына 450 келі қоқыс шығарады. Оның 220 келісі буып-түйетін материал. Неміс белсенділері «пластик экология үшін орасан зор қауіп» деп тіпті наразылық акциясын ұйымдастарған.

Флориан Бетц, экобелсенді:

Дүкенде әр нәрсені сатып алғанда ойлану керек. Кез келген адам көкөніс пен жеміс жидекке арналған пластик пакеттерден бас тарта алады. Осылайша, қоршаған ортаның тазалығына өз үлесін қоса алады. Жер бетінде пластиктің саны тым көп болып кетті. Осы орайда пластиктен жасалған мына китті парламенттің алдына қойып отырмыз.

Ережені орындамайтындарға айыппұл салынады. Егер заңды бірінші рет бұзып отырса, айыппұл көлемі 10 мен 50 еуроға дейін құбылады. Ал, бұл жағдай қайталана беретін болса, заң бұзған азамат 2500 еуроға дейін айыппұл төлеуге міндетті.

Хабар 24 телеарнасы