389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте «Жапон күзі» фестивалі өтті

  • 187
  • UPD: 08:43, 29.09.2019

Шарада күншығыс елінің дәстүрлі, классикалық, тіпті джаз әртістері өнер көрсетті. Саз кешіне қазақстандық өнерпаздар да үн қосты.

Биылғы фестивальдің жөні бөлек. Себебі, оған жапон музыканты Сакита Хаджименің өзі қатысты. Өнерпаз әуенді арамен өнер көрсетеді. Таза, нәзік әйелдің даусына ұқсайтын аспапты иген сайын үні де қоюлана түседі екен. Тұрпатының қарапайымдылығына қарамастан бұл сазды аспапта әркім ойнай алмайды. Көрермендердің өзі де дауылпаз бен скрипканы игеру бұған қарағанда жеңілірек екенін мойындады.  

Сакита Хаджиме, музыкант:

- Араны ғасырға жуық уақыт бойы белгілі музыканттар қолданып келеді. Алғашында онымен құрылысшылар қызық көріп ойнапты. Кейін ерекше үн музыканттарды тәнті етті. Сөйтіп, олар өз шығармаларына қолдана бастаған. Десе де, ара музыкалық аспап ретінде танылған жоқ. Сол себептен болар, менің концерттерімде бұл аспап ерекше бағаланады. 

Аспаптың өзі шарболаттан жасалады. Ал Сакита Хаджиме оны кез келген құрылыс дүкенінен табуға болады деп қалжыңдайды. Дегенмен, кез келген араның саф үн шығара алмайтыны анық. Айтпақшы, Сакита Хаджиме әлемдегі тұңғыш рет осы ара аспабында концерт өткізіп, оркестр шығарған. Органда ойнайтын Кейко Иноуэнің де өнері көпшіліктің қошеметіне ие. Мұндай қошемет қазақстандық «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі мен қырғызстандық  «Устатшакирт» тобына да көрсетілді. 

Лаура Ахметова, фестиваль ұйымдастырушысы:

- Әрбір қатысушы жапондық және ұлттық шығарманы орындайды. Шығармашылық ұйымдардың бас қосуы біз үшін маңызды. Елдеріміздің бір арнада тоғысуы керемет қой. Осылайша жақындай түсеміз, бір бірімізді жақсы танитын боламыз. 

Фестиваль көрермендері өткен ғасырдағы музыка әлеміне саяхаттады. Құлақтан кіріп бойды алар ұлттық әуен мен заманауи туындыларға қанықты. Түрлі тілде орындалған шығармалар бұл кеште үндестік тапқандай. 

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы