389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Куала-Лумпурда «Алтын адам» қойылған көрме ашылды

  • 212
  • UPD: 16:58, 01.10.2019
Куала-Лумпурда «Алтын адам» қойылған көрме ашылды Фото ҚР Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Куала-Лумпурдағы Малайзия музейлерінің департаментінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты, деп хабарлайды музейдің баспасөз қызметі.

Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында жүзеге асып отыр.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Малайзияның Туризм, өнер және мәдениет министрі Датук Мохамаддин бин Кетапи, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманбаев Болат, Малайзия музейлері департаментінің Бас директоры Датук Камарул Бахарин бин А.Касим қатысып, жылы лебіздерін жеткізді.

«Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі арқылы Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнерімен таныса аласыздар. Бұл көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба 2017 жылы қолға алынған болатын. Бүгінге дейін өткен күннің өшпес тарихын айқындайтын жәдігерлерді Еуропа және Азия елдері тамашалады. Көрменің басты экспонаты – «Алтын адам». Оның киімі түгел бағалы тастармен, яғни алтынмен өңделген. Сақ жауынгерінің киіміндегі алтынның әр бөлшегінде философиялық мазмұн бар. Әсіресе, оның бас киімі тәңіршілдік сенімнің айқын көрінісін білдіреді. Қазіргі күні «Алтын адам» Тәуелсіз Қазақстанның басты нышаны екенін атап айтқан жөн. Сіздерге Ұлы даланың жауһар жәдігерлерін таныстыруға мүмкіндік алғанымыз үшін қуаныштымын», - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 346 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.

Хабар 24 телеарнасы