389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Пластиктен біртіндеп бас тарту әлемдік трендке айнала бастады

  • 216
  • UPD: 22:59, 01.10.2019
Пластиктен біртіндеп бас тарту әлемдік трендке айнала бастады

Жаһан жұрты қоршаған ортаның ластануына алаңдаулы. Қазір қолданылған пластиктің 50%-і мұхиттарға төгіліп жатқан көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан су астындағы тіршілік қырылуда. Мұны арнайы зерттеулер көрсеткен. Бүгінде әлемнің біраз елі пластик қалдықтарын қолдануға заңмен тыйым салды. Қатарға енді қосылып жатқандары тіпті көп. Бұл тізімде Үндістан, Пәкістан және Куба бар. 

Пластиктен біртіндеп бас тарту әлемдік трендке айнала бастаған секілді. Бұл үрдіс Батыс елдерінде бастау алды.

Үндістан, Пәкістан мен Кубада пластикпен күрес енді қолға алынып жатса, Филиппин мен Еуропа елдері де пластикті қайта өңдеу ісіне білек сыбана кірісіп кетті.

 

Үндістанда пластик ыдысты қолдануға тыйым салынды 

Үндістан билігі 2 қазаннан бастап пластиктен жасалған ыдысты қолдануға тыйым салатын болды. Бұған елдің экологиялық жағдайының нашарлауы себеп. Жалпы статистикаға сәйкес Үндістанда жылына 14 млн тонна пластик пайдаланылады. Билік бұл көрсеткішті алдымен 10%-ке дейін азайтуды көздейді. Шенеуніктер ережені бұзғандарға айыппұл салынатынын айтады. Ал, жуырда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында сөз сөйлеген Нарендра Моди халқын көшеге шығып пластик жинауға шақырды.

Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі:

Ғимаратқа кіреберісте халықты пластик қалдықтардан бас тартуға шақыратын үндеуді көрдім. Біздің ел де бұл істі қолдайтынын айтқым келеді. Алдағы бес жылда көздеген мақсатымызға қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Бұл бастаманы қолдайтындардың қатары қалың. Десе де, қарсы шыққандар да бар. Мәселен кейбір кәсіпорын иелері пластик ыдыс шығаратын зауыттар жабылса, мыңдаған адам нәпақасынан айырылуы мүмкін деп отыр.

Бижендра Сингх, пластик шығаратын зауыттың қызметкері:

- Премьер-министрдің мәлімдемесінен кейін уайымдап қалдық. Енді қайтіп күн көреміз. Зауыт жабылса қайда барамыз. Өмір бойы осында жұмыс істеп келемін. Билік пластик шығаратын зауытты басқа игіліктер үшін қайта ашса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйреуір жұмыссыз қалмаймыз деп үміттенеміз.

Прамод Кумар, жергілікті тұрғын:

Бұл өте орынды бастама деп түсінген жөн. Демек биліктің қоршаған ортаға қатысты алаңдағаны байқалады. Пластик қапшықтардың кесірінен не болып жатқанын бәріміз де көріп тұрмыз. Бұны дереу тоқтату керек деп ойлаймын.

 

Пәкістан халқы пластиктен бас тарта бастады   

Көрші тұрған Пәкістан билігі де пластикке қарсы. Елдің экологиялық жағдайын оңалту үшін полиэтилен пакеттерден бас тарту шарасы алдымен Исламабадта енгізілді. Кейін бірте-бірте басқа да өңірлерге тарала бастады. Енді Үкімет ережеге бағынбағандарға 70 долларға дейін айыппұл салуды жоспарлап отыр.

Муртаза Вахаб, Қоршаған ортаны қорғау департаментінің өкілі

-Жергілікті биліктің талабы дұрыс. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі қолға алыну керек. Таза ауа, су, ағаштар тек бай ауқатты адамдар үшін ғана емес, барлық халық үшін қажет. Адамзат сапалы өмір сүру үшін бірлесе күресуі керек.

 

Пластик қалдықтары теңіз тіршілігіне қауіп төндіріп тұр

Гавана жағажайында да бұл мәселе өзекті. Мәселен, туристер көп шоғырланатын жерде пластик пен полиэтелен қалдықтарынан аяқ алып жүретін жер жоқ. Осыған орай еріктілер мен белсенділер өңірді тазарту жұмыстарына көшті. Тіпті су түбіне жеткен қоқысты да жинап жатыр. Жобаны басқарғандар әлеуметтік желілер арқылы да тұрғындарды бұл іске атсалысуға шақыруда.

Филиппин халық пластикті күрішке айырбастап жатыр  

Ал бір реттік ыдысқа қарсы шыққан филиппиндіктер ерекше күресу жолын ойлап тапты. Мұнда тұрғындар 2 келі қоқысты 1 келі күрішке айырбастай алады. Жоба ел астанасы Манилада басталды. Тұрмысы төмендер белсенділік танытып, бұл іспен қызыға айналысып жатыр. Ал жиналған пластик қоқыстары қайта өңделуге жөнелтіледі. Экологтардың мәліметіне сүйенсек, Филлипин тұрғындары әлемдік мұхитка ең көп қоқыс тастайтын халық екен.

Вероника, жергілікті тұрғын

- Қоршаған ортамыздың ластанғанын айтпасақ та көріп тұрсыздар. Үйден шыққан сайын жерде жатқан пластик қалдықтарды жинап, тапсырып отыратын боламын. Таныстарым маған қарап таң қалады. Бірақ мен үшін айналамдағы жағдай бірінші орында.

 

Италияда пластик үшін метроға билет беріледі

Италия билігі де елді пластик қалдықтарынан тазарту үшін тұрғындарды ынталандырудың өзгеше әдісін тапты. Қалай дейсіз қой? Римнің метросына билет алу үшін ақша емес, пластик бөлелкелерді тапсырса ғана болғаны.

Әр бөтелке 5 цент тұрады. Сонда құны 1,5 еуро тұратын билетті алу үшін 30 бөтелке тапсыру керек. Осылайша пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылуда. Бұндай жаңашылдық кәрі құрлықта алғаш рет енгізіліп отыр.

Хабар 24 телеарнасы