389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда баж салығы төмендегеннен кейін көлік саудасы өсті

  • 119
  • UPD: 10:04, 03.10.2019

Қырғызстан жұртының жеңілдіктер арқылы көлік алуға әлі де мүмкіндіктері бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр жазда бұл елдің үкіметі Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерде шығарылған автокөліктерге баж салығын азайту туралы шешім қабылдаған еді.

Оның мерзімі биыл 31 желтоқсанда бітеді. Елдегі көліктердің жаңаруымен қатар үкімет шешімі экологияны да жақсартуды көздеп отыр.

Көліктерге салынатын баж салығы 2014 жылғы көрсеткішке дейін төмендетілген еді. Орта есеппен ол қозғалтқыш көлемінің әр текше сантиметріне 40 центті құрайды. Осыған дейін қырғызстандықтар 10 есе көп төлеп келген. Баж салығы төмендегеннен кейін көліктер саудасы өсіп, мемлекет қазынасына түсетін төлемдер де артқан.

Ринат Шамсутдинов, автосайт редакторы:

Осыны байқау үшін маман болу қажет емес. Қалада жүрген таксилерді көрсеңіз, 2005-2008 жылдан жоғары. Баж салығы төмендегендіктен, адамдардың жаңа көліктер сатып алуға мүмкіндіктері бар.

Баж салығын азайту шешімінің тағы бір себебі – экологиялық ахуалды жақсарту. Оған дейін ел тұрғындарының көбісі жасы 15 жылдан асқан ескі көліктермен жүретін. Ал ережелердің жеңілдеуі арқасында халық автомобильдерін жаңартып алған.

Айжан Чыныбаева, экологиялық қозғалыстың жетекшісі:

Жұртты зиян келтірмейтін көліктерге мінуге ынталандыру қажет. Халқымыз саналы деп санаймын. Егер жанармай құймай, қаржысын үнемдейтінін білсе, қалаларымызда электр көліктер саны артады деп ойлаймын.

Гибридті қозғалтқышы бар көліктерге де баж салығының ең төмен мөлшерлемесі қарастырылған. Ал электромобильдер үшін кедендік баж салығы мүлдем алынып тасталды.

Айта кетер жайт, үкімет осындай жеңілдіктерді болашақта да сақтап тұрмақ.

Еуразиялық экономикалық одақтан тыс жерде шығарылған автокөліктерге төмендетілген баж салығының мерзімі биыл 31 желтоқсанда бітеді. Алайда бюджет төлемдерінің артуын және экологиялық жағдайдың жақсаруын ескерген Қырғызстан үкіметі салық жеңілдіктерінің мерзімін ұзартуға тырысатын түрі бар.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы