389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Англия мұғалімдерінің 25% аптасына 60 сағаттан астам жұмыс істейді

  • 174
  • UPD: 10:40, 04.10.2019

Англия мұғалімдерінің 25% аптасына 60 сағаттан астам жұмыс істейді.

Көрші мемлекеттердегі әріптестеріне қарағанда ұзағырақ еңбек ететіндігін UCL университеті Білім беру институтының зерттеулері дәлелдеген. Ғылыми баяндамада үкіметтің жұмыс жүктемесін қысқарту бойынша бес жылға созылған бастамасы еш нәтиже бермегендігі айтылған.

Негізгі жұмысынан бөлек ағылшын мұғалімдері дәптер тексеруге, білім процесін жоспарлауға және әкімшілік жұмыстарымен айналысуға міндетті. Жазда емтихан маусымы кезінде олар 50 сағатқа дейін еңбек етеді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы құрамына кіретін дамыған ел мұғалімдеріне қарағанда 8 сағатқа артық деген сөз. Еңбекақы да жүктемеге сәйкес келмейді. Лондондағы мұғалімдердің жалақысы 2 340 стерлинг фунтынан басталады. Бұл шамамен – 1 миллион теңге.

Джонатан Фраер, зерттеуші:

– Әсіресе, Лондонда баға шарықтап тұр. Бүкіл ақша тұрғын үйді жалдауға кетеді. Пәтер құны қарапайым мұғалімдер үшін қолжетімсіз. Менің ойымша, жаңа үкімет еңбек ақыны көтеруге назар аударуы қажет. Өйткені адамдар жалақы мен жүктеменің сәйкессіздігіне байланысты жұмысын тастауға мәжбүр болды.

Дей тұрғанымен, бұл мамандықтың жағымды тұстары да бар. Олар тұрақтылық және қызмет бойынша көтерілудің түсінікті механизмі. Сонымен қатар мұғалімдер зейнетақы бағдарламасының қатысушысы болып, өз болашағын қамтамасыз ете алады. Көпшілігі ұстаздық ету жалықтармайтын мамандық екендігін алға тартады.

Ян Шофилд, педагог:

– Біздің мұғалімдерді мамандықтың жақсылық пен ізгілікке баулитын қасиеттері қызықтырады. Жасампаздықтың тәтті жемісін сезінгеннен артық бақыт жоқ. Біз әрдайым бала көңілмен жүреміз. Өйткені батыл әрі білімқұмар жастармен жұмыс істейміз.

Ағылшын мұғалімдері мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкес және мектеп рейтингісін төмен түсірмеу үшін емтихан тапсырып отырулары қажет. Осылайша білім сапасының жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі. Бірақ бұл әдіс кейде шығармашыл мұғалімдерді қатаң шеңберден шығармай, олардың дамуына тұсау болып та жатады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы