388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда ұлттық валюта құнсызданды

  • 167
  • UPD: 14:12, 04.10.2019

Грузия ұлттық валютасының бағамы түсіп барады.

Жалпы биыл лари 11,1 пайызға құнсызданған. Инфляциялық қысымды азайту мақсатымен Грузия орталық банкі қайта валютаны аукционда сатуға мәжбүр болды.

Лари бағамының төмендеуі елде инфляцияның шарықтауына себеп болды. Жазғы маусымда жанармай бағасы екі рет өсіп, көптеген өнім қымбаттаған. Жағдайды тұрақтандыру мақсатымен Ұлттық банк аукцион арқылы 40 миллион доллар сатты. Тамыз айында да осындай шара қолға алынған болатын. Сол кезде Ұлттық банк 33 миллион доллар сатқан еді. Лари уақытша күшейіп, кейін қайта төмендеп кетті. Алайда бұл жолы қаржы министрлігі ұлттық валютаның бағамы тұрақталатынына сенімді.

Иване Мачавариани, Грузия қаржы министрі:

– Лариге көптеген ішкі және сыртқы фактор қысым жасады. Тәуелсіз институт болып табылатын Ұлттық банк сыртқы экономикалық мәселелерді мұқият бақылап отыр. Интервенция және қайта қаржылдандыру мөлшерлемесін көтеру секілді қадамдар өз жемісін беріп, жылдың аяғына дейін лари бағамы тұрақталатынына сенемін.

Алайда сарапшылардың болжамдары көңіл көншітер емес. Олардың пікірінше, валютаны сату инфляцияны тек қысқа мерзімге тоқтата алады.

Вахтанг Чарая, Тбилиси мемлекеттік университеті сараптама және болжау орталығының директоры:

– Бұл – қаржылық құралдардың бірі, бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, тек жалғыз бұл құралды қолдану мәселені шешу үшін жеткіліксіз. Оған ілесетін тағы да қимылдар жасау керек. Ұлттық банк және үкімет үйлескен шаралар қабылдауы тиіс. 

Мамандардың айтуынша, бір мезгілде бірнеше бағытта еңбек ету керек. Мәселен, импортты алмастыруды дамыту қажет. Себебі шетел өнімдеріне тәуелділік ұлттық валюта бағамына тікелей әсер етеді.

Авторы: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы