389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде Comic Con фестивалі өтіп жатыр

  • 141
  • UPD: 12:38, 07.10.2019

Мәскеуде әлемге белгілі Comic Con шарасы өтіп жатыр.

Бейне ойындар мен кино, интерактивті ойын-сауықтан аңдатпа ұсынатын фестиваль Ресейде мәдени дәстүрге айналғалы қашан. Шара комикс әуесқойларына, киномандарға, бейне-ойын, мультфильм мен сериал фанаттарына кеңінен танымал.

Comic Con – фэнтези һәм ғажап-қиялдан туған кейіпкерлердің фестивалі. Мәскеуде осымен алтыншы мәрте өтіп жатыр. Бірақ биылғы шараға келушілер қатары былтырғыдан көп. Алып көрме павильондарына бару үшін ұзын-сонар кезектен өтіп, біраз тер төгу керек. Бірақ бейнеойын мен фантастика табынушылары үшін бұл түкке де тұрмайтын сынақ дейді гиктер. Ресейлік косплей батыстағыдай дами қоймағаны белгілі. Өйткені әр образ қолдан тігіледі, бірақ есесіне әр қатысушы үшін өзіндік шығармашылығын көрсетуге еркіндік беріледі. Қозғалыс қатысушылары бұл хоббиді арзан деп айта алмайды. Өйткені түпнұсқасына ұқсас костюмдерді тігу үшін бірнеше жүздеген мың рубль төлеуге тура келеді. 

Евгений Кальниченко, косплеер:

– Интернетке кіріп, балаларға арналған ойыншықтарды шолып шықтым. Ішінде біреуіне көзім түсті. Дәл соған ұқсатып жасау үшін 21 күн жұмсадым. Әрі бір жарым тонна гипс, пластик пен алюминий қолдандым.

Косплей-қозғалысының табынушылары бұл салада шектеу жоқтығына қуанады. Бұл жерде америкалық комикстердегі қаһармандар мен батырлардың кеңес одағы кезінде көрсетілген мультфильм кейіпкерлерімен бірге жүргенін көруге болады. Кеңсе жұмысынан шаршаған қызметкер бұл жерде айдаһарға немесе «Жұлдызды соғыстар» фильміндегі шабуылдаушыға айнала алады.

Александра Пичугина, косплеер:

– Күнделікті өмірде немен айналысасыз дейсіз бе? - Косплей, фотосуреттер, дизайн және т.с.с. Негізі мен осыдан 3 ай бұрын мектеп тәмамдағам.

Антон Брумин, косплеер:

– Менің 2 балам бар. Мені осы салаға итермелеген де балаларым. Мен тұсқағаз шығаратын фабрикада қызмет етемін.

Comic Con - әрбір қатысушы үшін үлкен бір әлем. Және сол әлем бірнеше жүздеген ертегі сюжеттерінен тұрады. Әркім жанына жақынын таңдайды. Ал ұйымдастырушылар 4 күн ішінде 200 мың адам келеді деп үмітті.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы