389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияның Сирияға қатысты жаңа әскери операциясына АҚШ араласпайды

  • 139
  • UPD: 21:04, 07.10.2019

Дональд Трамп Режеп Тайып Ердоғанға телефон шалып осылай деген.

Анкара Сирияның солтүстігінде қауіпсіздік аймағын құрып, онда босқындарды көшірмекші, деп хабарлайды «Хабар 24».

Евфрат өзенінің шығысы, яғни Сирияның солтүстігі күрд жасақтарының қолында. Бұл топты АҚШ қолдаса, Түркия оларды да террористердің қатарына жатқызады. Демек, Вашингтон осындай шешімге келу арқылы Түркияны таңдап отырғанын аңғартқан сыңайлы.

АҚШ Сирияның солтүстігіндегі Түркиямен шекаралас аймақтардан әскерін әкетіп жатыр. Бұл туралы өңірді АҚШ-тың қолдауымен бақылауда ұстайтын күрд жасақтары мәлімдеді. Олардың айтуынша, Вашингтон бұл арқылы күрд жасағын Түркияның алдына жығып берген. Себебі, бұған дейін америкалық әскерилер күрдтермен ортақ келісімге келіп, террористерге қарсы бірігіп күрескен еді. Ал, ресми Анкара бұл жасақты лаңкестік топ деп санайды. Түркия енді көп ұзамай өңірге шабуыл бастауға бекініп отыр. Нәтижесінде қауіпсіз аймақ құрып, 2 миллиондай сириялық босқынды осы жерге көшірмек.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Кешегі АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы болған келісімнен кейін америкалық әскер шекарадан шығып жатыр. Олар біздің әскери операцияға араласпайды. Дегенмен, АҚШ пен Түркия арасындағы келіссөздер жалғасады. Келесі айда Вашингтонға іссапармен барамыз. Ортақ мәселелерді талқылаймыз. Ал, Сирияның солтүстік-шығысында қауіпсіз аймақ құруға қатысты операцияны жақын күндері бастаймыз.

Ердоған мәлімдемені бүгін ғана жасағанымен, іске кеше кірісіп кеткен. Түркияның әскері мен соғыс техникалары қазір шекарада, операцияға кірісуге бұйрықты күтіп, сақадай-сай отыр. Бұл орайда Анкараның қолдауына ие Сирияның оппозициялық күштері әскери операцияны қолдайтындығын білдірді.

Салим Идрис, Сирия оппозициясының Түркиядағы ресми өкілі:

- Бұл сириялықтардың жері. Сондықтан ол жерде қауіпсіз аймақ құрып, қайтарып беру – парызымыз. Түркиялық әскерилерді, олардың бастамасын бірауыздан қолдаймыз. Өңірді лаңкестерден азат етуіміз керек.

Жалпы бұл әскери операцияның мақсатын Режеп Тайып Ердоған былай түсіндірді. Оның айтуынша, Сириямен шекаралас аумақтардағы Түркияның жеріне қауіп төнбеуі керек. Онда лаңкестердің қаптауы аумақтық тұтастыққа зиян келтіреді. Ресми Анкараның мәлімдеуінше, лаңкестердің қатарында АҚШ қолдайтын күрд жасақтары да бар.

Мевлют Чавушоглу, Түркия сыртқы істер министрі:

Сирияда дағдарыс басталғалы бері аумақтық тұтастыққа мән беріп келдік. Ендігі шекарадағы және оған жақын өңірлердегі лаңкестерді толық жоюымыз керек. Себебі біздің елге ешқандай зиян келмеуі тиіс. Операциядан кейін босқындарға да орын табамыз, Сириядағы тұрақтылыққа да өз үлесімізді қосамыз.

Осылайша,Таяу Шығыстағы жағдай ушыға түсті. АҚШ операцияға араласпаймыз деп ат тонын ала қашты. Қолдаусыз қалған күрд жасақтары Пентагонға ызалы. «Дегенмен, Анкарамен соңына дейін күресеміз», дейді. Ал Түркия әне-міне, Сирияның солтүстігіндегі жорыққа дайын. Ал, жері талан-таражға түскен ресми Дамаск «жатжұрттық әскерилер түгелдей Сирия жерінен кетсін» дегенді айтады.

Валид Муаллем, Сирия сыртқы істер министрі:

- АҚШ та, Түркия да Сирияның солтүстігіне әскерилерін заңсыз кіргізді. Одан бөлек, өзара келісімге келіп, біздің жерде қауіпсіз аймақ құру-құрмау шешімін қабылдайды. Бұл халықаралық құқықты бұзу! БҰҰ-ның заңдарына қайшы! Сирия үкметінің рұқсатынсыз қалай ғана Сирияның жерін бөліске салуға болады. Шетелдік әскерилер дереу ел аумағынан шығарылсын! 

БҰҰ мінберінен айтылған бұл мәлімдеме елеусіз қалды. Ақ үй «операцияға араласпаймыз» деп уәдесін берді. Одан бөлек, бүгінгі күнге дейін ұсталған лаңкестер де Түркияның жауапкершілігіне өтетінін айтты. Себебі, Франция, Германия сынды мемлекеттер содырлық жолды таңдаған өз азаматтарын кері қабылдаудан бас тартқан.

Сарапшылардың айтуынша, Түркия  НАТО-ға мүше. Сондықтан АҚШ-қа күрд жасақтарынан гөрі Түркиямен серіктестік тиімді болып тұрғаны ғой.

Хабар 24 телеарнасы