389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Эквадор президенті ел үкіметін басқа қалаға көшіріп алды

  • 134
  • UPD: 21:38, 08.10.2019

Эквадор президенті Ленин Морена ел үкіметін Китодан Гуаякиль қаласына көшіріп алды.

Елде наразылық шарасы белең алып, бас көтерген ел астанасына бет алған соң мемлекет басшысы осындай қадамға барған. Эквадор халқы жанармай бағасының қымбаттауына наразы. Олар жол-жөнекей барлығын өртеп, тәртіп сақшыларымен ашық қақтығысқа түсті. Алдын ала ақпар бойынша Китоға қарай 20 мың халық жолға шыққан.

Ленин Морена басқа қалаға қашып кеткеннен бөлек, елде 60 күндік төтенше жағдай режимін енгізді. Ал бұл заң жобасынан бас тартпайтынын алға тартып отыр.

Эквадорды жанармай ереуілдері жайлағанына бүгін алтыншы күн. Жаппай наразылық шараларынан қоғамдық көлік қатынастары тоқтатылды. Тәртіп сақшыларымен қақтығыстан бір адам көз жұмды. 77 адам жараланған. Олардың басым бөлігі – Эквадордың Қорғаныс күштері қызметкерлері. Тағы 477 наразы тұрғын темір торға қамалды. Бұл орайда мемлекет басшысы Ленин Морена мәселені шешуді емес, өз өмірін аман алып қалуды ойласа керек. Елдің түкпір-түкпірінен көтерілген жұрт ел астанасы Китоға бағыт алғанын естіп, ондағы үкіметті Гуаякильге көшіріп алды. Одан бөлек, бейнеүндеу жариялады. Оның сөзінше, елдегі ереуілдердің артында экс-президент Раффаэль Корреа мен Венесуэла Президенті Николас Мадуро тұр. 

Ленин Морено, Эквадор президенті:

– Отандастар, мен Гуаякиль қаласына көштім. Өзімнің конституциялық өкілеттілігіме сай үкімет резиденциясы да осында ауысты. Мен үшін эквадорлықтардың бейбіт өмірі мен тыныштығы бірінші орында. Соңғы күндері ереуілге шыққан халық үкметтің шешіміне қарсы шығып отыр. Дегенмен наразылық акциялары кезіндегі тонау, ұрып-соғу, вандализмді көріп, ереуілдерде саяси мақсат барын түсіндік. Корреа мен Мадуро жағдайды пайдаланып, мемлекетте төңкеріс ұйымдастырмақ. Бөгде біреудің жетегінде кетіп, ел тұтастығына зиян келтірмеуді ойлау керек.

Қауіпсіз жерге көшіп, үндеу жариялаған мемлекет басшысының сөзіне құлақ асқан жан жоқ. Китоға жол тартқан ереуілшілер полиция учаскесін өртеп жіберді. Конгресс ғимаратын қоршап алды. Тағы бірнеше ондаған тәртіп сақшысы мен әскерилерді кепілге алған. Одан бөлек, Petroamazonas EP мемлекеттік мұнай компаниясының үш өндіріс орнын басып алған. Салдарынан зауыттардың жұмысы тоқтап, мұнай өндірісі күніне 60 мың баррельге қысқарды.

БЛИЦ:

– Үкімет ойына келгенін жасап бітті. Жанармай мен дизель бағасының қымбаттауы онсызда жағдайы жоқ халықтың қалтасына айтарлықтай ауыр болады. Байларды қолдап, кедейлерге салмақ салуды қою керек.

– Отын бағасының қымбаттауы тек жүргізушілер үшін емес, барлық халық үшін ауырпашылық әкеледі. Жанармай қымбаттаса, бәрі қымбаттайды. Айналып келгенде қарапайым тұрғындар зардап шегеді.

Эквадордағы жаппай ереуілдер үкіметтің шешімінен соң басталған еді. Ленин Морена бастаған билік өкілдері жанармай субсидиясын алып тастау туралы құжатқа қол қояды. Мақсат – ел экономикасын тұрақтандыру үшін қазынадан субсидияға бөлінетін 1,3 млрд доллар қаржыны үнемдеп қалу. Одан бөлек, Эквадор халықаралық валюта қорынан алған 4,2 млрд доллар несие аларда мемлекеттік шығынды қысқартуға уәде берген.

Осылайша, Эквадордың байырғы тұрғындары мен фермерлер дегенінен қайтар емес. Шынында елдегі жанармай құны бұл заң жобасынан кейін бірден екі есеге қымбаттаған. Тасымалға тәуелді азық-түлік, дәрі-дәрмектердің бағасы да құбыла түскен. Десе де, үкімет бұл жоба елдің дағдарыстан шығып, экономикасы тұрақтануы үшін қажет дегенді алға тартады.

Хуан Себастьян Ролдан, президент әкімшілігінің хатшысы:

Ереуілге елдегі тұрғындар жауапты. Себебі мемлекет бұл қадамға елдегі жағдайды жақсарту үшін барып отыр. Бұл халық пен үкімет арасындағы текетірес емес. Агрессияға жол беріп, өз еліміздің келбетіне зиян келтірмейік.

Эквадордағы бүгінгі жағдай осындай. Халық билік пен халықаралық валюта қоры өзара ауыз жаласып отыр дейді. Президент Ленин Морена болса Корреа мен Мадуро бірігіп өзін биліктен кетіргісі келетінін айтады. Ал халықаралық ұйымдар әзірге үнсіз отыр. Ереуілшілер 9 қазан күні ел астанасында 20 мың адамның қатысуымен наразылық шарасын өткізуді жоспарлап отыр.

Хабар 24 телеарнасы