389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия мен Сирия шекарасындағы шиеленіс ушыға түсті

  • 160
  • UPD: 21:22, 10.10.2019

«Бейбітшілік қайнары» әскери операциясы барысында шам елінің солтүстігіндегі бірнеше ауыл-аймақ Түркияның бақылауына өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әскери операция әлі жалғасып жатыр. Айта кетейік, кеше кешкісін Анкара Сирияның солтүстігін күрд жасақтарынан азат етуге арналған операциясын бастаған.

Соңғы ақпарға сүйенсек, Түркия тарапынан 14 сарбаз мертіккен. Шабуылдың астында қалған күрд жасақтарынан он шақты адам қаза табуы мүмкін. Олардың қатарында бейбіт тұрғындар да бар дейді.

Алдымен әуе шабуылдары, ізінше 181 нысанға жерден оқ жаудыру. Түркия осындай тәсілмен Сирияның солтүстігі Евфрат өзенінің шығысына жоспарланған шабуылын бастады. Әскери операцияға «Бейбітшілік қайнары» деген атау берілді. Мақсат Сирия шекарасынан Түркияға төнген қауіпті сейілту.

«Күрд жасақтарының көзін жойып, ұзындығы 500 шақырым, ені 30 шақырымдай жерде құрайтын қауіпсіз аймақ салу. Ол жерге 2 миллиондай сириялық босқынды көшіру жоспарланып отыр». Осылай деген Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған шабуыл барысын жеке өзі бақылауда ұстады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Біз Күрд жұмысшы партиясына және «Ирак және Левант лаңкестік ұйымына» қарсы әрекет етіп, жеңіске жетеміз деп сенемін. Мақсатымыз айқын. Біз осы аймақтарды лаңкестерден азат етуді қалаймыз.

Түркиялық БАҚ өкілдерінің мәліметінше, бүгінде әскерилер сириялық шекараға төрт нүкте арқылы енген. Тель-Абьяд және Рас-эль-Айн қалалары маңына әскерилер мен танкілер жетті. Оны көрген мыңдаған жергілікті тұрғын үйлерін тастап, жан-жаққа бас сауғалап жатыр.

Шекарадағы тұрғын:

- Біздің ауылымызға келген екі танкіні көріп, қорқып кеттік. Бала-шағамызға зияны тимесін деп, қашуды жөн санадық. Ауылдың барлық тұрғыны басы ауған жаққа қашты.

Сирияның солтүстігін бақылауда ұстайтын күрд жасақтары бұл шабуылға жауап ретінде Түркияның Нусайбин қаласына оқ атқан. Жергілікті Ikhbariya телеарнасы осылай деп мәлімдеме жасады. Одан бөлек, олар Хасеке маңындағы мұнай өндірісі ошақтарын өртеп жібергенге ұқсайды. Күрд жұмысшы партиясының ресми өкілі осылайша өліспей беріспейміз

Ахмад Муса, Күрд жасақтарының өкілі:

- Түркия бұл шабуылдары арқылы керісінше, жерімізді тартып алып, ондағы лаңкестердің санын арттырмақ. Шынында Анкараның негізгі мақсатын барлық әлем білім отыр ғой. Сондықтан Еуроодақ пен БҰҰ, демократиялық мемлекеттерді Түркияға қарсы шығуға шақырамын. Ал, біз кез келген шабуылға төтеп бере аламыз.

Жалпы,бұған дейін Сирияның солтүстігіндегі күрд жасақтары АҚШ-пен бірігіп өңірді лаңкестерден азат етіп келген еді. Бірақ Анкара үшін күрд жасағының өзі лаңкестік топ саналады. Дональд Трамп бұл операция басталмай тұрып  өңірден өзінің әскерлерін алып кетеді. Кейін «операцияға рұқсат бермедік» деген де мәлімдеме жасайды. Трамптың бұл сатқындығы мен Шам еліндегі шабуылдарды естіген күрдтер көшеге шықты. Ереуілшілер БҰҰ-дан көмек сұрап отыр.

Адем Узун, Халықаралық күрд конгресінің мүшесі:

Күрд жасақтарына шабуыл жасалып жатыр, күрд ұлтына шабуыл жасалып жатыр. Тіпті балаларға да. Әлемде бейбітшілік орнатқысы келетіндері осы ма? Өздері бейбіт халыққа шабуыл жасап, адам құқығын таптап отыр. Түркия ешқандай да «қауіпсіз аймақ» емес, тек біздің жерімізді тартып алуды көздеп отыр. Олар демократияны армандаған халықты құртып жібермек.

 

Халықаралық ұйымдар Түркияға қарсы шықты

Қазір қақтығыс жүріп жатқан аймақта «Ирак және Левант лаңкестік ұйымының» содырлары тұтқындалған. Террористер мен олардың отбасын күрд жасақтары бақылауда ұстап отыр. Шабуыл соңына дейін бұл лаңкестердің тағдыры қалай болады? Әлем елдері осыған алаңдаулы. Түркияның аңдамай басқан қадамы Таяу Шығыста лаңкестердің қаптауына әкелуі мүмкін дейді олар.

Жан-Клод Юнкер, Еурокомиссия президенті:

Мен Түркия тарапын тез арада операцияны тоқтатып, сабырлы болуға шақырамын. Әскери шабуылдың соңы ешқашан жақсылыққа әкелмейді. Егер осындай қадам арқылы қауіпсіз аймақ құрсаңыздар да, Еуроодақтан көмек күтпеңіздер. Біздің Одақ саяси және дипломатиялық тәсілді қолдайды.

Бұл мәлімдемеге Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жаңа ғана жауап қатты. Тыңдап көрейік.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Ей, Еуроодақ есіңді жи! Тағы да қайталап айтамын! Егер Одақ бұл операцияны шабуыл деп тапса, Түркия 3,6 миллион босқынды Еуропаға кері жібереді.

Шам еліндегі жағдай осылайша ушыға түсті. Еуроодақ пен АҚШ Түркияға тісін қайрап отыр. Әскери операция жалғасып жатыр. Әлем елдері Түркияның біржақты әрекетіне алаңдап, дереу Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізуді ұсынды. Ұлыбритания, Германия, Франция, Қытай, Иран елдері Түркияны сабырға шақырды.

Бұл жолы мемлекеттік хатшы Майк Помпео АҚШ-тың рұқсат бермегенін айтып сұхбат берген. Ал, АҚШ Конгресі біржақты шабуылға қарсы Түркияға санкция салу мәселесін көтеріп отыр. Тіпті «Түрияны НАТО-дан шығарып жібереміз» дегенді айтады.

Хабар 24 телеарнасы