389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан көшедегі камера санын көбейтеді

  • 93
  • UPD: 12:53, 11.10.2019

Қырғызстан үкіметі көлік жүргізушілерінің өтініштеріне құлақ асып, парламенттен жол  ережелерін бұзудың кейбір түрлеріне айыппұл мөлшерін азайтуды сұраған.

Алайда бүкіл ел аумағында  бақылау камералар саны артатын болады. Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, камералар жүргізушілерді тәртіпке шақырған.

Жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдың орта шамасы 3 мың сом, яғни 15 мыңдай теңге құрайды. Жыл басында «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асты. Ірі қалалардың жол қиылыстары мен негізгі күре жолдарда бейнебақылау камералары орнатылған. Алайда көліктер сенімхатпен сатылып жүргендіктен, бұл ереже бұзушыларды табуға кедергі болып отыр. Осыған байланысты үкімет барлық мәліметтерді бірыңғай жүйеге келтіре бастады. Көлік жүргізу куәліктері мен техникалық төлқұжаттар ауыстырылатын болды. Енді бар ақпарат жаңартылған дерекқорға толтырылады. 

Мухаммедкалый Абылгазиев, Қырғызстан премьер-министрі:

- Алдымызда көлік жүргізуші куәліктерінің заманауи түрін өз күшімізбен шығару міндеті тұр. Бұл құжаттардың бағасы көлік иелерінің бәріне қолжетімді болуы тиіс. 

Айыппұл мөлшерін көтеру өз нәтижесін беріп, жол апаттарының саны 49 % азайған. Бейнебақылау камераларымен қатар ереже бұзушылықтарды тәртіп сақшылары да тіркейді. Алайда олар кейде өз міндетін орындауда көпшіліктің сынына қалып жүр. 

Нұр Сатыбалдиев, жол қауіпсіздігі басқармасы бастығының орынбасары:

- Көлік жүргізушілерінің тәртібін көтеру мақсатымен қызметкерлеріміз барлық құжаттарды тексеруге тырысқан. Оның арасында көлік салығының төленуін немесе жүк пен жолаушыларды тасымалдауға патентті де сұрайтын. Бұл көлік жүргізушілердің наразылығын тудырып, біз инспекторларға тек жүргізуші куәлігін қарауға нұсқау бердік. 

Жұрт айыппұлдың жоғары мөлшеріне де наразы. Үкімет осыны ескеріп, ереже бұзудың кейбір түріне айыппұл мөлшерін бір мың сомға дейін азайтуды шешкен. Алайда көбісінің мөлшері бұрынғы деңгейде 3 мыңнан 18 мыңға дейін қалатын болды. Тәжірибе көрсеткендей, қалтаны қағу жол қауіпсіздігін сақтаудың ең жақсы амалы болып тұр. Ал ереже бұзуды камералардың тіркеуі тәртіп сақшылар арасында парақорлықты азайтқан.  

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы