389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британияда жолдағы полицейге пара беру ұғымы мүлде жоқ

  • 75
  • UPD: 14:27, 11.10.2019

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Біріккен Корольдіктің әрбір 100 мың тұрғынының 5,4 адамы жыл сайын жол-көлік апатынан қаза табады. Бұл Египетпен салыстырғанда 8 есе аз. Көлік министрінің айтуынша, соңғы 20 жыл ішінде жолда қайтыс болғандардың саны екі есеге дейін кеміген. Мұндай нәтижеге Ұлыбритания қалай қол жеткізді?

Лондонның әйгілі екі қабатты қызыл автобусының жүргізушісі бағдаршамның жасыл жанғанын күтіп тұр. Ештеңеге алаңдамайды, ұялы телефонын шұқымайды. Телефонын пайдаланған жағдайда, тіпті сымсыз құлаққап арқылы болсын, оған қолданылатын жаза қатаң.

Фрейзер Дэви, полиция инспекторы:

- Әкімшілік жауапкершілік туралы заңға жақында енгізілген түзетулерге сәйкес көлік құралын басқара отырып, ұялы телефон қолданған жүргізуші 200 стерлинг фунтын төлейді. Екі жыл көлемінде жағдай қайталанса, сол мезетте-ақ жүргізуші куәлігінен айрылады. 

200 стерлинг фунты деп отырғанымыз - шамамен 100 мың теңге. Айыппұлдан бөлек айып балдары да қоса салынады. Олар көбейген сайын жүргізушілерге жолда жүру емтиханын қайта тапсыру міндеттеледі. Бұдан бөлек жаңа заңға сәйкес жылдамдықты асырған жағдайда апталық жалақысының 175 пайызына дейін төлеуі керек. Тұрғындар болса, тәртіпке бағынуға әзір, бірақ талап-тілектері де жоқ емес. 

БЛИЦ 

- Лондон көліктер үшін ыңғайлы етіп салынбаған. Көшелер тар. Оған велосипедшілерді қосыңыз. Меніңше, адам мен көлік саны көп болған соң жол апаттары болып тұрады. Сондықтан орталықтағы машиналардың санын азайту керек деп ойлаймын.

- Үкіметтегілер жаяу жүргіншілердің жолдарын кеңейтіп, оларға жағдай жасаулары керек. Мен Лондонның ескі қала және ғимараттарды орнынан қозғау қиын екендігін түсінемін. Бірақ халықтың қауіпсіздігі бірінші орында болуы міндетті. 

Статистикаға сүйенер болсақ, өткен жылы Ұлыбританияда жол-көлік апаты салдарынан 160 мыңнан астам адам түрлі жарақат алған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6 процентке аз. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бір қызығы, Ұлыбританияда жол-патрульдік полиция деген жоқ. Жол қозғалысын реттеу тәртіп сақшыларының барлығына ортақ шаруа. Сондай-ақ пара беру немесе «Мәке-Сәке» деген ұғым атымен жоқ. Көшенің түкпір-түкпірінде орнатылған бейнекамералар да тәртіпке бас игізбей қоймайды. Ұлыбритания жолдарының әлемдегі ең қауіпсіз болып саналатыны сондықтан да болар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы