389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия-Түркия: шиеленістің жаңа толқыны

  • 175
  • UPD: 20:34, 11.10.2019

Түркия мен Сирия шекарасындағы ахуал ушыға түсті.

Анкара лаңкестер деп санайтын 277 күрд жасағының көзін жойды. Қазір шекараға қосымша әскер мен техника аттанды. Күрдтер қарымта ретінде Түркияға қаратып артиллериялық зеңбіректер атқан.

Үзіліссіз шабуыл салдарынан Сирияның солтүстігінде орналасқан елді мекендерден 10 мыңдай адам қауіпсіз жерге қашып жатыр. Құрбандар мен зардап шеккендер саны екі есеге артты.

Күрд жасағы жауап қатты. Кешелі бері Сирия шекарасынан Түркияға қарай артиллериялық зеңбіректер атылып жатыр. Соның бірі шекарада орналасқан Акчакале қаласындағы үкіметтік ғимаратқа келіп түскен. Осы сынды шабуылдардан соңғы күндері 7 адам көз жұмды. Оның ішінде 9 айлық сәби де бар. Тағы 70 шақты тұрғын жарақат алған.

Бұл орайда Түркия тарапы «Бейбітшілік қайнары» әскери операциясын жалғастырып жатыр. Шекараға қосымша әскери техникалар жеткізілді. Күрд жасағы бақылауындағы Рас-аль-Аин мен Таль-Абйад қалалары қоршауға алынған. 11 ауыл-аймақ түркиялық әскерилердің бақылауына өтті. 10 мыңдаған тұрғын баспанасын тастап, бас сауғалап кетті. Түркия қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгінге дейін 277 күрд жасағының көзі жойылған. Ал ол аймақтағы лаңкестік тұрғындар Анкараның бақылауында.

Мевлют Чавушоглу, Түркия сыртқы істер министрі:

– Әскери операция жүріп жатқан аумақта тұтқындалған лаңкестер барын білеміз. Олар біздің жауапкершілігімізге өтеді. Алдымен әр елден өз азаматтарын алып кете ме деп сұраймыз. Бірақ Дональд Трамп Еуропа елдері террорлық жолды таңдаған азаматтарынан бас тартқанын айтты. Олар тұтқында қалады. Ешкімді босатайын деп жатқан жоқпыз.

Ал Сирия үкіметі ел аумағында соғыс басталып кеткеніне аң-таң. Бұған дейін БҰҰ мінберінен сыртқы істер министрі сөз сөйлеп, шет елдік әскерлердің елден кетуін талап еткен еді. Бұл орайда Түркия тарапы көз алдында Сирияда 32 шақырымдық қауіпсіз аймақ құрғалы жатыр. Күрд жасағын үкімет мойындамаса да, Түркияға қарсы шығып, ел тұтастығын сақтап қаламыз деп отыр.

Фейсал Макдад, Сирия сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Күрд жасақтары біздің үкімет үшін сепаратистер болып саналады. Олармен келіссөз жүргізбейміз. Ал ел тұтастығын сақтап қалу үшін Түркияны райынан қайтарып, қажет болса жауап қатуға дайынбыз. Лаңкестерге қарсы күрескен ұлттық әскер Түркияны да орнына қоя алады.

Күрд жасағын қаржыландырып, қаруландырып жүрген АҚШ тарапы өңірден өз әскерін әкеткенін айттық. Ендігі қақтығыстардан соң Дональд Трамп әскери операция барысын бақылап отырғанын айтады. Твиттерге мәлімдеме жасап, Түркиядан шектен шықпауын сұрады. Ақ үй басшысы қазір АҚШ үш нұсқа бойынша әрекет етуіне болады дейді. Біріншісі, күрд жасағын қолдап, мыңдаған әскерді жіберіп, Түркияны жеңеді. Екіншісі, Анкараға санкция салып, экономикасын құлатады. Болмаса, екі тарапты татуластыратын көпір атанады. Соңғы нұсқа, яғни бейбіт келісімді БҰҰ-да ұсынып отыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Мен қандай да бір мәселені әскери қақтығыспен шешуге болады деп ойламаймын. Сирияның солтүстігіндегі шиеленіске халықаралық ұйым алаңдап отыр. Тараптарды сабырға шақырып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырамыз. Әскери операция Ұйымның қаулысы мен халықаралық құқық нормаларын құрметтеуі керек.

Дәл осылай Түркияны сабырға шақырамын деп кеше Еуроодақтың басы дауға қалғанын айта кетейік. Еуропалық дипломатияның басшысы Могерини бұл операцияны біржақты басып алу деп мәлімдеген еді. Одақтың сөзіне ашуланған Ердоған Еуропаға 3,6 миллион босқынды жіберетінін айтып, сес көрсетті. Бұл орайда Венгрия мемлекеті қазіргі таңда Түркиямен санасу өте маңызды деп отыр.

Петер Сийярто, Венгрия сыртқы істер министрі:

– Дәл қазіргі жағдайда Түркияны қолдауымыз керек. Сөйлесіп, санасуымыз керек. Қоғам алдында мәлімдеме жасап, пікір алмасудың жөні жоқ. Еуропалық көшбасшылар Түркия президенті, сыртқы істер министріне шығып, диалогқа тарту керек. Себебі Түркия – Еуропадағы қауіпсіздіктің кепілі. 4 миллиондай босқынды ұстап отыру оңай емес.

Кешегі шығарылымда әлем бойынша күрдтердің ереуілге шығып жатқанын айтқан едік. Бүгін бұл толқын жалғасын тапты. Ирактағы күрдтер наразылық шарасына шығып, халықаралық ұйымдардан көмек сұрады. Ал түркиялықтар көшеге шықпаса да, шекарадағы шиеленістен лира құнсыздануы мүмкін деп отыр.

Абузер Пынар, экономист:

– «Бейбітшілік қайнары» операциянына байланысты доллар қатты қымбаттайды деп ойлаймын. Лира кішкене құнсыздануы мүмкін. Әлем жұрты Трамптың сөзінен кейін еліміздің экономикасы құлдырайды деп ойлады. Ақ үй басшысының бұл мәлімдемесі дипломатиялық диалогқа жатпайды. Менің ойымша, еліміздегі саяси тұрақтылық экономикамыздың құлдырауына жол бермейді. Айта кеткен жөн, Түркия 10 жылдан астам уақыттан бері лаңкестік ұйымдарға қарсы күрес жүргізіп келеді. Мұның экономикаға әсер етуі табиғи жағдай.

Күрд жасағымен күресіп жатқан түркиялық әскерилерге сириялық бүлікшілер, яғни оппозициялықтар келіп қосылыпты. Олар да өңірді күрд жасағынан азат етуге үлесін қоспақ.

Хабар 24 телеарнасы