389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда жол апаты жиілеп, өлім-жітім көрсеткіші артқан

  • 104
  • UPD: 11:49, 12.10.2019

«Қайғылы жағдайға жүгенсіз жүргізушілердің көбеюі себеп», - дейді мамандар. Әсіресе, ел астанасы Тбилисиде жағдай мәз емес.

Бұл мәселемен билік қалай күресіп жатыр?

Грузия жолдарын қауіпсіз деу қиын. Мұны статистика көрсеткіштерінен оңай байқауға болады. Мәселен, ел аумағында жолдағы өлім-жітім көрсеткіші өте жоғары. Ал оған көп жағдайда жылдамдықты арттыру, көліктің техникалық жарамсыздығы, ішімдік ішіп немесе есірткі шегіп көлік басқару секілді ережебұзушылықтар себеп болады.

Ираклий Изория, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша серіктестік қорының директоры:

- Елдегі жағдай жақсы деп айта алмаймын. Себебі біздегі жол-көлік оқиғаларының көрсеткіші Еуропа елдерімен салыстырғанда өте жоғары. Мәселен, 2018 жылы 41 мыңнан астам көлік апаты тіркелген. Және одан 459 адам мерт болды. Апат санын азайту мақсатында соңғы жылдары «ақылды» камералар орнатылып, заң мен жүргізуші куәлігін беру тәртібі қатаңдатылды. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің әлі атқарар жұмысы өте көп.

Тиісті ведомствоның атқарар жұмысы расында да бастан асады. Бірақ бұл іске мемлекеттік емес ұйымдар да барынша атсалысып жатыр екен. Мәселен, олар көліктерде балаларға арналған автокресло мен артқы орында қауіпсіздік белбеулерінің болуын заң жүзінде міндеттелуін талап етуде. Бұған қоса, тұрғындар арасында сапалы түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартуда.

Ираклий Изория, жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша серіктестік қорының директоры:

- Өкінішке орай жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртібі өте төмен. Салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Сондықтан телеарна мен интернетте ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Ал жол ережелері мектеп кезінен оқытылуы тиіс.

«Ақылды» камералар мен бағдаршамдар орнату, техникалық байқау ережелері мен жүргізуші куәлігін беру тәртібін қатаңдату. Бұл Ішкі істер министрлігі қолға алған мәселелердің бірнешеуі. Нәтиже жоқ емес, әрине. Дегенмен, жолдағы өлім-жітім көрсеткіші әлі де азаяр емес. Оған ішімдік ішкен немесе есірткі шегіп көлікке отырған жүргізушілер себеп. Осыған байланысты енді мемлекет аталған ережебұзушылықтарға қарсы жазаны қатаңдатуды көздеп отыр. 

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы