389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иранға гиперинфляция қаупі төніп тұр

  • 100
  • UPD: 08:49, 13.10.2019

Иранға гиперинфляция қаупі төніп тұр.

Мемлекеттің батыс елдермен дауласуы, АҚШ салған санкциялар мен мұнай бағысының құбылуы ұлттық валютаға кері әсерін тигізді. Бұдан әсіресе жергілікті кәсіпкерлер шапа шегіп отыр. Ал үкімет биржадағы валюта бағамының шарықтауы уақытша құбылыс дейді.

Қыркүйек айында АҚШ Иранға қарсы жаңа санкциялар қабылдаған. Бұл жолы Сирияға мұнай жеткізумен шұғылданған компаниялар, кемелер мен жоғары лауазымды тұлғалар қара тізімге енді. Осының салдарынан жергілікті ақша құнсызданып келеді. Иран Орталық банкі шетел валюталарының ресми бағамын жариялады. Ол бойынша бір АҚШ доллары шамамен 42 мың реал, ал бір еуро 45 мың реалға бағаланған. Алайда осындай бағаммен валютаны тек тұрмысқа ең қажетті тауарларды импорттау үшін сатып алуға болады. Ал экспортпен айналысатын кәсіпорындар валюталық табысының бір бөлігін ресми бағамнан үш есе асатын бағаға сатады.

Саид Савиз, мұнай мен газ саласының сарапшысы:

– Жалпы Иранда валютаның үш бағамы бар. Оның екеуін үкімет бақыласа, көшеде валютаны ресми бағамнан 5-6 есе қымбат сатады. Соңғы кезде еліміздегі жағдай ушығып келеді, сол себептен биржамыз да құбылып тұр. Мұның бәрі елде инфляцияның шарықтауына әкелуі мүмкін. 

Иранның тұрақты валютадағы табысы азайып барады. Соңғы айлары мұнай экспортының көлемі күніне бір миллион баррельден аспай жүр. Осыдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен екі жарым миллион баррельді құраған. Осының салдарынан Иранның валюталық табысы 10 млрд долларға азайып, тауарлар қымбаттап кетті. Бір жылда бағалар 50 пайызға өсті. 

Мариам Шокрани, экономикалық шолушы:

– Бұл көрсеткіштер Иранның саясатының осалдығы емес. Керісінше, өкімет сыртқы қысымнан қорғануға мәжбүр болып отыр. Мұнай компанияларының да жағдайы мәз емес, валюта қымбаттағандықтан, өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу қиындап кетті. 

Сарапшылар Иранның бұрыннан бері келе жатқан сауда серіктестері - Қытай мен Үндістанға үміт артып отыр. Болжам бойынша, бұл елдер АҚШ санкцияларына қарамастан, жақын арада ирандық мұнайды сатып алуға бел бумақ. Бұл шикізат саудасынан тәуелді Иран бюджетін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. 

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы