423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каталония саясаткерлеріне қатысты сот үкімін Мадрид халқы әділ санайды

  • 1098
  • UPD: 23:50, 15.10.2019

Барселонада жағдай күн сайын ушығып барады. Халықтың ашуға бой алдыруына соттың үкімі себеп болғанын айттық. Оқиғаның мәнісі 2017 жылы заңсыз тәуелсіздік референдумын ұйымдастырған 9 белсенді 9-дан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылып отыр.

Шаһар көшелеріне шыққан мыңдаған тұрғын олардың негізсіз қамалғандарын алға тартады.  Ереуіл кезінде бүлік шығып, жұрт тәртіп сақшыларына ұмтылды. Жиылғандар полицияға ерік бермей, олардың қойған бөгеттерін қиратып, онымен де қоймай жол-жөнекей дүниені қиратып жатыр. Полиция көз жасаурататын газ қолданған. Соңғы мәліметке сүйенсек, жарақат алғандардың саны 130-дан асты.

- Біз әділетсіздікке қарсымыз. Сот үкімімен мүлдем келіспейміз. Бейбіт түрде ереуілге шықтық. Бұл тек басы ғана. Алайда ереуілде күш көрсетуге қарсымыз. Каталондықтар көздеген мақсатымызға жету үшін зорлық - зомбылық танытады деген теріс пікір. Тәуелсіздігімізге бейбіт түрде қол жеткізгіміз келеді.

- Миллиондаған адамға қарсы шыққанмен еш нәтиже болмайды. Жағдайды ушықтырмаңдар. Репрессияның басталуына жол берілмеу керек. Жазықсыз сотталған сепаратистерге жаным ашиды.

- Каталондықтарға не істеп отырғандарын көріп тұрсыздар ғой. Қамауда отырғандар бостандыққа шықсын. Әділдік қайда? 

Сотталған саясаткерлер бүлікке шақыру, мемлекеттік қаржыны ысырап ету және билік өкіліне бағынбау бойынша айыпты деп танылған. Негізі прокуратура олардың 25 жылға сотталуын сұраған болатын. Дауыс беруге қатысқандардың басым бөлігі автономиялық қоғамдастықтың Испаниядан бөлінуін қолдаған. Артынша каталониялық парламент бір жақты шешіммен тәуелсіздігі туралы жария еткен. Ал референдум өткізуді әу бастан заңсыз санаған Испания билігі саяси шараның нәтижесін мойындамай, ұйымдастырушыларды қамауға алған еді. 

Наразылар Барселонаның Эль-Прат әуежайында да ереуілге шыққан. Мыңға тарта адам 1-терминалды түгелдей басып алды. Сондай-ақ әуежай ғимаратына кіретін жолды да қоршап тастаған. Салдарынан жоспарланған 100-ден астам рейс кейінге қалды. Себебі наразылық акциясы салдарынан жолаушылар ұшақ бортына уақытылы жете алмаған. Жергілікті билік аймақтағы туристерге сабырлық танытып, өздерінің қауіпсіздігі үшін адамдар көп жиналған аумақтарға жоламауға шақырады.

- Германиядан келдім. Ұшаққа отыруым керек. Әуежайға жете алмай жатырмын.

-Таксимен келдік. Жүргізуші бізді орта жолда қалдырып кетті. Ары қарай жүруден бас тартты. 

Әрине айыпталғандар кінәсін мойындаған жоқ. Ал, олардың қорғаушылары Испанияның конституциялық сотында шағымданатынын айтады. Халықаралық іздеуде жүрген Каталонияның бұрынғы басшысы  Карлес Пучдемон де сотталған саясаткерлерге қатысты үкімді қатаң сынға алды. 

Карлес Пучдемон, Каталонияның бұрынғы басшысы:

- Парламент мүшелері мен өзге де саясаткерлерге қатысты шешім репрессиялық жазалауды айғақтайды. Демократиялық жолмен діттеген мақсатына жетпек болғандарды осылайша айыптағандары қалай? Оларды жазалағандары күллі халыққа қарсы шыққандары деп білемін. Өйткені референдум өткізуді каталониялықтардың басым көпшілігі қолдаған болатын. 

Ал Мадрид тұрғындары соттың шешімін толығымен келіседі. Испания министрлер кабинеті төрағасының міндетін атқарушы Педро Санчес сот процесі айқын және әділ өткені айтады. Заң алдында барлығы бірдей болғандықтан,  демократиялық елде саясаткерлерді пікірі мен көзқарасы үшін емес, нақты қылмыстық  әрекеттері үшін жазалайды дейді ол.

Хабар 24 телеарнасы