378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде азық-түлік бағасы қымбаттайды

  • 395
  • UPD: 12:35, 17.10.2019

Алдағы айда Ресейде тағы да азық-түлік қымбаттайды деген болжам бар. Жылдың аяғына дейін бағалар 3,5% өседі дейді сарапшылар. Экономистердің айтуына қарағанда әсіресе   жұмыртқа, қант пен құс еті қымбаттайтын көрінеді.

Биыл Ресейде азық-түлік бағасы орта шамамен 1,7% өскен. Бөлшек сауда компаниялары Қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, жұмыртқа мен құс етінің бағасы жемнің қымбаттауынан өссе, қант бағасына жанармай құны мен өндірістік шығындардың  артуы әсер еткен. Ал енді сүт өнімдерінің бағасы бірден 10% шарықтайтын түрі бар. Бұған Ресейде екі бірдей өнім сапасын бақылау жүйелерінің енгізілуі себеп секілді. Қараша айынан «Меркурий» атты электронды ветеринарлық сертификациялау жұмысын бастаса, шілде айынан бастап, сүт өнімдерін таңбалау бойынша тәжірибе өтіп жатыр. Бұл салада бақылау күшейгендіктен кәсіпкерлер қосымша шығын жасауға мәжбүр.

Дмитрий Журавлев, аймақтық мәселелер институтының бас директоры:

- 10%-дың тек 1-2% ғана технологиялық шығын. Қалғаны қазіргі жағдайға байланысты бағаның өсуі. Бұл ресейлік өндірушілердің шектен шығуы емес, нарыққа тәуелділігі дер едім. 

Қаржылық зерттеулер агенттігінің сауаланамасы бойынша, ел тұрғындарының үштен бір бөлігі соңғы екі айда ет пен сүт өнімдері қымбаттағанын байқаған. Оған әсіресе 60 жаста асқан кісілер мен табысьтары орта деңгейден төмен азаматтар наразы. 

Елена Никишова, НАФИ сараптамалық орталығының сарапшысы:

- Азық-түлік арасынан ет пен ет өнімдері ең көп қымбаттаған. Осыған байланысты халық қаражатын үнемдеуге мәжбүр. Біз әртүрлі тауарлар мен қызметтердің бағасын қадағалап жүрміз. Ал бұл бүкіл халық тұтынатын өнімдер болғандықтан, әрбір адам бағалардың қалай өзгергенін сезе алады. 

Есеп палатасы азық-түлік бағасының өсуіне өз алаңдаушылығын білдірген. Биыл ауыл шаруашылығында мол өнім жиналғанына қарамастан, алма, пияз, сәбіз, күріш, ұн мен қара нан қымбаттады. Осыған байланысты сарапшылар тұрмысқа ең қажетті өнімдердің бағаларын реттеу, яғни белгілі бір деңгейде қалдыру мүмкіндігін қарастырып отыр. Алайда мемлекеттік деңгейде осындай шараларды қолға алу әлі жоспарда жоқ.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы