387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстан студенттері Абайды жаңа кітап бойынша зерттейтін болды

  • 210
  • UPD: 14:31, 17.10.2019

Қырғызстан студенттері Абайдың шығармашылығын жаңа кітап бойынша зерттейтін болды. Бұл басылымның тұсаукесері Қырғыз ұлттық университетінде өтті. Елдегі ең ірі жоғары оқу орнының кітапханасы ұлы қазақ ақынның жаңа өлеңдер жинағымен толықты.

Ұлы ақынның  өлеңдер жинағы «Ән - сөз әмірі» деген атаумен шыққан. Кітапқа Абайдың әйгілі туындыларымен қатар, баспаға сирек шыққан шығармалары да енген. Бұл кемеңгер ақынның дүниетанымын кеңінен ашу мақсатымен істелген дүние. 

Садык Алахан, ҚҰУ Мемлекеттік тілді дамыту бойынша проректоры: 

- Қырғызстанда Абайдың алғашқы кітабі 1944 жылы басылған, содан кейін 70 жылдары және 95 жылы шыққан болатын. Бұл кітап кемеңгер қазақ ақынының бүкіл басылымдарының жалғасы. Түңғыш рет өлеңдерін қырғыз тіліне  Аалы Токомбаев тәржімалаған, кейін өзге авторлардың да аудармаларын көрдік. Олардың әрқайсысы өзінше қызық. 

Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде кітаптың 50 данасы табысталды. Жалпы Абай өлеңдерінің жинағы бір мың дана таралыммен шыққан. Зерттеу жұмысына, дерек жинауға және басып шығаруға кеткен қаржыны Қырғызстандағы елшілігіміз бөлді. Тұсаукесер рәсіміне ғылым, мәдениет, саясат пен қоғамның көрнекті қайраткерлері шақырылды. Қатысушылар арасында Абай шығармашылығын зерттейтін студенттер де болған. 

Қайрат Нұрпейісов, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі: 

- Бұл ең алдымен жастарға бағытталған. Абай сөздері ғибрат болумен қатар тіршілікке үйрететін нақыл сөздер. Өмірден асқан дүние жоқ, ол жалғасуы тиіс дейді. Тап осы сөздері, ең алдымен жастарға бағытталған.  

Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті - 18 мың студенті бар елдегі ең ірі жоғары оқу орыны. Құрамына бірнеше институт және бүкіл ел аумағында істейтін бөлімдер кіреді. Білім ордасы негізінен гуманитарлық пәндерге, оның арасында түркі тілдері мен әдебиетін зерттеуге басымдық беріп отыр. Абай шығармашылығы міндетті оқу бағдарламасына енгізілген. 

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы