376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде 500-ге жуық секта астыртын жұмыс істейді

  • 308
  • UPD: 12:38, 18.10.2019

Ақпарат көздері «Ресейде 300-ден 500-ге дейін секта астыртын жұмыс істейді» дегенді айтады.

Олардың 800 мыңдай мүшесі болуы мүмкін екенін де тілге тиек етеді. Құқық қорғау органдары діни ұйымдардың жұмысын реттеуге кіріскелі біраз болды.

Істі миссионерлік қызмет және секта ұғымдарына анықтама беруден бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресей әділет министрлігі және Федералдық қауіпсіздік қызметі 500-ге жуық ұйымды экстремистер қатарына қосқан. Олардың 400-ден астамы «Иегова куәгерлері» сектасының аймақтық қауымдары. 2017 жылы Ресейде бұл сектаға тыйым салынған болатын.

Алексей Черкезов, «Христиан әлемі» қорының президенті:

- «Иегова куәгерлерін» жапқанда үлкен дау шыққан еді. Әу бастан олар шетел агенттері болатын және экстремистік жұмыс жүргізген. Сол себептен осы ұйымды жабуға мүмкіндік берген заң бар.

Соңғы бірнеше жылда Ресейде діни ұйымдарды бақылау күшейіп келеді. Соңғы екі жыл ішінде сотта 500-ден аса іс қаралды. «Яровая пакеті» деп аталатын терроризмге қарсы заңға түзетулер миссионерлік жұмыс ұғымына анықтама берген. Егер діни ағым экстремизмді насихаттаса, отбасыны бұзуға ұмтылып, соған мәжбүрлесе, білім алу мен дәрігерлік көмекке жүгінуге тыйым салса, сондай-ақ өз мүлкін осы ұйымға сыйға тартуға көндірсе, бұл діни бағытты уағыздауға тыйым салынады.

Иеромонах Ермоген (Корчуков), Бірлескен гуманитарлық жобаларға қолдау көрсететін дінаралық қордың директоры:

- Ең бастысы – мұндай ұйымдар пайда табуға бағытталған. Діни қызметкер ретінде осындай секталарда болған адамдармен жиі кездесемін. Зиянын түсінсе де, толығымен арылу үшін ұзақ жылдар қажет. Санасы өзгергендіктен, қалыпты өмірге оралу үшін медициналық ем қабылдап, дәрі-дәрмек ішеді.

Теріс әсер шырмауында қалған адамның психологиялық ауытқуға ұшырайды. Оларды оңалтуға, рухани түсінігін қайта қалпына келтіруге бірнеше жыл кетеді. «Сол себептен діни секталардың қауіпті әрекетін алдын алу маңызды», - дейді мамандар.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы