Ливанда жаппай ереуілдер өтті. Наразы халық Министрлер кабинетінің WhatsApp бағдарламасына салық салу туралы шешіміне қарсы шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ел бойынша ереуілшілер резеңке өртеп, жол қозғалысын жауып тастаған. Себебі Ливан үкіметі ғаламтор арқылы қоңырау шалатын бағдарламаларды қолдану үшін айына 6 доллар көлемінде салық енгізбек болған.
Бірақ жаппай толқулардан кейін шенеуніктер бұл бастамасынан бас тартты. Бұл тыйым онсыз да ашулы халықтың шамына тигенге ұқсайды. Өйткені Ливанда капиталдың қысқаруынан қаржылай дағдарыс орын алып отыр. Үкімет елде экономикалық жағдайға байланысты төтенше жағдай жариялап, тығырықтан шығудың жолын іздеп жатыр.