387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Борис Джонсон Еуроодақпен Brexit бойынша ортақ мәмілеге келгенін мәлімдеді

  • 189
  • UPD: 15:35, 18.10.2019

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Еуроодақпен Brexit бойынша ортақ мәмілеге келгенін баяндады.

Еуроодақ өкілдері бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ Ұлыбританияның Қауымдар палатасындағы ішкі келіспеушіліктер басылар емес.

Борис Джонсон келіссөзден кейін әркімнің қолын алуға асықты. Германия канцлері Ангела Меркельмен және Франция президенті Эммануэль Макронмен сөйлесуге де уақыт тапты. Жүзі бал-бұл жанады. Ендігі арманы да анық. Борис Джонсон сенбі күні өтетін парламенттің кезектен тыс сессиясында көпшіліктің қолдауына ие болуды аңсайды.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Халық сайлаған депутаттар, менің әріптестерім Вестминстерде жиналып, Brexit бойынша келісімді еш кідіріссіз жүзеге асырады деп үміттенемін. Біз ендігі жерде денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға, полицейлер санын 20 000-ға дейін көбейту, ең төменгі күнкөріс деңгейін арттыру сияқты Ұлыбритания халқының мұң-мұқтажын күйттеуіміз керек.

Британиялықтар болса, ұзаққа созылған Brexit-тен шаршаса керек. Еуроодақ құрамынан тезірек кеткенді қалайды.

Блиц 1:

Біз шыққымыз келеді. Біз Еуроодақпен бірге болғымыз келмейді.

Блиц 2:

Біз тәуелсіздігімізді қайтарғымыз келеді. Бізді Брюссель басқарғанын қаламаймыз.

Қисынға сүйенсек, 650 мүшесі бар парламентте Джонсонның қолдаушылары аз. Ол кемінде 318 дауыс жинауы керек. Жаңа келісімді қолдамайтындардың қатарында Солтүстік Ирландияның демократиялық юнионистік партиясы бар. Олардың еншісінде шешуші 10 дауыс бар.

Айта кетейік, парламент бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй ұсынған келісімді үш рет кері қайтарды. Еуроодақ құрамынан ресми түрде шығуға бар-жоғы екі апта қалғанда Борис Джонсонның да сағы сынбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан ымырасыз Brexit-тің, тіпті одан қалды жаңа референдумның да болуы әбден мүмкін.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы