384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран әлемдегі ең ірі дәрі-дәрмек экспорттаушы ел болуды қалайды

  • 150
  • UPD: 10:49, 25.10.2019

Алдағы бес жылда Иран әлемдегі ең ірі дәрі-дәрмек экспорттаушы ел болуды қалайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соңғы мәліметтер бойынша Иран фармацевтикалық нарығының көлемі 3,5 миллиард доллардан асқан. Жыл сайын бұл сала 8% өсіп келеді. Алайда сыртқы саудасы артқанымен, өз елін қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтуда кейбір қиындықтары бар.

Бүгінде Иран – Таяу Шығыстағы дәрі-дәрмек өндіруші ең ірі ел. Осы орнын күшейту мақсатымен өкімет бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырмақ. Арасындағы ең ауқымдысы – маманданған өндірістік фармацевтикалық кластер. Осы жетстіктеріне қарамастан, өткен жылдан бастап ең қажетті дәрілердің бағасы өсіп барады.

Хадис Заре, фармакологиялық зерттеулер саласының сарапшысы:

– Иранның сақтандыру жүйесі негізінде рецепт бойынша 50% дейінгі жеңілдікпен дәрі сатып алуға болады. Табысы төмен жандарды және қатерлі ісік секілді ауыр сырқатқа шалдыққан адамдарды қажетті препараттармен арнайы әлеуметтік көмек орталықтары немесе мемлекеттік ауруханалар қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік орталықтар табысы төмен азаматтарды вирустық аурулар мен тұмауға қарсы дәрілермен де қамтиды. Жеңілдіктер қант диабеті, вич секілді дертке шалдыққандар үшін де қарастырылған. Алайда АҚШ салған санкциялардың кесірінен соңғы жылдары елде шетелдік дәрілердің көбісі жоғалып барады.

Иса Раджаблу, гастроэнтеролог:

– Санкциялардың салдарынан шетелден жеткізе алмайтын дәрілерді өз елімізде шығара бастадық. Оны жергілікті ауруханаларда қолданып, дәріханаларда сата бастадық. Мамандарымыз қатерлі ісік, гепатит, ВИЧ секілді ауыр сырқаттарға қарсы дәрілерді жетілдіріп жүр. Әзірше кейбір отандық дәрілерді толығымен тиімді деп атауға болмайды, бірақ фармацевтер бұл бағытта жұмыс істеп келеді.

Дәрілердің сапасы ел тұрғындарының денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін. Бірақ үкімет өкілдері отандық препараттар сапасы жағынан шетелдіктерден қалыспайтынына сендіріп отыр. Тіпті Иран фармакологиясын әлемдегі үздіктер қатарына қосу жоспарда бар. Мәселен, бір ғана онкологиялық ауруларға қарсы дәрілерді шығаруға мемлекет 100 миллион еуродан аса қаражат жұмсаған.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы