388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда жеңілдікпен сатылатын дәрілер азаяды

  • 110
  • UPD: 10:51, 25.10.2019

Қырғызстан үкіметі 2020 жылы денсаулық сақтау саласының қаржыландырылуын қысқартуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Келесі жылы бұл салаға бюджеттен 14 миллиард 321 миллион сом бөлу жоспарланған. Алайда сарапшылардың есебінше, халықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тағы да бір жарым миллиард сом қажет.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің шығындары шаш етектен. Ең көп қаражат дәрі-дәрмекке жұмсалады. Атап айтсақ, инсулин, антибиотиктер, туберкулёз бен қатерлі ісікке қарсы препараттар. Жеңілдік қарастырылған тізімге дәрінің 200-ге жуық түрі енген. Арасында тегін берілетіні жоқ. Бағасының 80% мемлекет өтейтін дәрілер бар. Бірақ қаражат тапшылығынан бәріне бірдей жете бірмейді.

Батма Эстебесова, құқық қорғаушы:

– Бізде әйелдер мен балаларға дәрі жетіспей жүр. Ал ауыруды сездірмейтін дәрілерге келетін болсақ, бұл азаптаумен пара-пар. Ажалына үш ай қалғанда, ауырғанына шыдамай жатқан адамның жанайқайына қарамастан, бұл дәрілерді ала алмайды.

Ел парламенті 2020 жылға арналған мемлекет бюджетін талқылады. Денсаулық сақтау саласына 14 миллиардтан аса сом бөлу көзделіп отыр. Ал сарапшылардың есебінше, бұл салаға тағы бір жарым миллиард жетіспейді. Бұл – дәрі-дәрмек қажетті мөлшерде сатып алынбайды деген сөз. Дегенмен мемлекеттік бюджет әлі қабылданған жоқ. Сала мамандары парламенттен кейбір тармақтары бойынша қаржыландыруды арттыруды сұрамақ.

Мадемин Каратаев, ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Сүт безінің қатерлі ісігіне қарсы дәрілер және иммуногистологиялық зертеулерге 36 миллион сом бөлу туралы бюджет комитетіне де, қаржы министрлігіне де хат жаздық. Бұл мемлекет жағынан қаражатты қажет ететін ерекше санат екенін дәлелдегіміз келеді.

Тағы да бір өзекті мәселе – дәрі бағасы. Міндетті медициналық сақтандыру қоры жеңілдікпен сатылатын дәрілер тізіміне түзетулер енгізіп тұрады үнемі. Бірақ бағалар одан тез өседі. Қаражат жетіспегенде үнемдеу жолдарын іздеу қажет. Кейбір құқық қорғаушылар елдегі шенеуніктер санын қысқартып, босаған қаржыны дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсауды ұсынып отыр.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы