411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильдік ғалымдар қан обырын емдеудің жаңа әдісін ойлап тапты

  • 654
  • UPD: 12:38, 25.10.2019

Израиль қан обырын емдеудің жаңа әдісін ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ғалымдар бұл ауруға қарсы гендік инженерия жетістіктерін қолданған. Адам ағзасына бөтен жасушаларды құртуға тиіс иммундық жүйе қатерлі ісікті ажырата алмайды. Сол себептен рак жасушалары көбейіп, бүкіл ағзаға тарап кетеді. Жаңа әдіс адам иммунитетіне сырқатқа қарсы күресуге мүмкіндік береді.

67 жастағы Офер Вайсман қатерлі ісіктің ең қауіпті түрінің бірі - лимфомаға шалдыққан. Бірнеше мәрте химиотерапиядан өтсе де, сырқатынан айықпады.

Офер Вайсман, науқас:

– Бірнеше жылға созылған ауыр терапиядан кейін дертім қайта қозып, үмітім үзіле бастады. Сол кезде маған телефон соғып, әсері болатын емнің тың түрі бар екенін айтты. Әрине, еш ойланбастан келістім. 

Бұл – лимфома мен қанның өзге де онкологиялық ауруларына қарсы емдеудің жаңа тәжірибелік әдісі. Бағдарламаға 70-тен аса науқас қатысып жатыр. Жаңа терапияны Вайцман институтында ойлап тапқан. Бұл әдіс жақсы нәтиже беріп, науқастардың тең жартысының сырқаты жазылды. Ал қалғандарының денсаулығы едәуір жақсарған.

Ирит Авиви, лимфоманы емдеу әдісінің авторы:

– Біз науқастың қанын алып, одан лимфоцитерді шығарамыз. Гендік инженерия көмегімен оларды өзгертеміз. Науқасты ауруханаға жатқызып, ісіктің белсенділігін басу үшін химиотерапия жүргіземіз. Осыдан кейін өзінің өзгертілген лимфоциттерін енгіземіз. Олар рак жасушаларын жоя бастайды.

Емнің жаңа әдісі керемет нәтиже берді. Бұрын лимфомадан жүз адамның тек жетеуі жазылатын еді. 

Ашхар Зелег, лимфоманы емдеу әдісінің авторы:

– Бұл – қатерлі ісікті жеңуде тек алғашқы қадам. Біз ем әдісін ойлап таптық, енді вакцина жасауды меңгеріп келеміз. Ол тұмауға қарсы екпе жасау секілді. Бұл шаруа қолыдан келсе, теңдессіз жетістік болар еді. 

Жылдан аса уақыт бұрын құрылған емдеу орталығында бірде-бір өлім дерегі тіркелген жоқ. Ал мұнда ем қонбай, үміт үзген науқастарды алған болатын. Жаңа тәсіл арзанға соқпайды.

Ем құны – 250 мың доллар.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы