423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Иракта халықтың үкіметке қарсы жаппай ереуілі қайта жанданды

  • 930
  • UPD: 22:24, 25.10.2019

Таяу Шығыстағы жағдай мәз емес. Сирия мен Түркия шекарасындағы қарулы қақтығыс аздай, енді Иракта да ахуал ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы айдың басында басталған Ирак халқының жаппай ереуілі бүгін қайта жалғасты. Ашуға бой бергендер жергілікті биліктің саясатына наразы. Үкіметке қарсы акция тәртіпсіздікке ұласты. Сақшылар ереуілдетушілерге қарсы күш көрсетіп, көз жасауратын газ қолданған. Салдарынан мерт болғандар мен жарақат алғандар бар.

Ирак жұрты елдегі жұмыссыздық пен денсаулық сақтау саласының қызметіне көңілдері толмайды, сонымен қатар аймақта белең алған жемқорлыққа наразы. Осыған орай үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Сонымен, Иракта халықтың үкіметке қарсы жаппай ереуілі қайта жанданды. Багдадтағы Тахрир алаңында басталған наразылық акция тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Демонстрациялар елдің өзде де қалаларында ұйымдастырылған. Жиналғандар билік өкілдерінің отставкаға кетуін талап етті. Халықтың айтуынша, елде жемқорлық пен жұмыссыздық белең алып, халықтың әл ауқаты төмендеген. Тіпті денсаулық саласына да көңілдері толмайды. Тұрғындар «билікке қойған талаптар орындалмаса тынышталмаймыз», деп сес көрсетіп отыр.

 

Қақтығыстан 150-ден астам адам қаза тапты

Жиналғандарды тарату үшін полиция көз жасаурататын газ бен электрлік естен тандыру құрылғыларды қолданған. Салдарынан бүгін бір адам көз жұмды. Жалпы айдың басынан бері 150-ден астам адам қаза тапты. Одан бөлек, 6 мыңға жуық тұрғын жарақат алған. Мерт болғандардың 70%-і оққа ұшқандар. Бұған қарамастан, шаһар көшелерінде жиналғандар тарамай, биліктен шұғыл түрде жаңа үкімет құруын талап етуде.

Ереуілші:

- Елде жаңа үкімет құру керек. Қазіргі билік сайлау алдында берген уәдесін қайта орындамады. Биліктің жұмыссыздарға беретін 107 АҚШ доллары түк емес. Біз кедей ел емеспіз. Тіпті 1000 немесе 2000 доллар берсе де қайтпаймыз. Елдің денсаулық сақтау, білім беру саласы сын көтермейді, мемлекеттік қызмет те өте нашар.

 

Премьер-министрдің халыққа үндеуі

Адам шығынына байланысты бірнеше провинциядағы қарулы күштердің командирлері қызметінен босатылды. Ереуілдер басталмас бұрын жергілікті билік аймақта төтенше жағдай режимін жариялады. Ал Ирак премьер-министрі Адиль Абдул-Махди аймақтағы жағдайға алаңдаушылығын білдіріп, халқына үндеу жолдады.

Адиль Абдул-Махди, Ирак премьер-министрі:

Келесі аптада министрлер кабинетінде өзгерістер болады. Шенеуніктерді ауыстыратын боламыз. Сонымен қатар ел президентінің, премьер-министр мен парламенттегі спикерлердің жалақысын қысқартамыз. Сайлау заңында да өзгерістер болады. Дәл қазір биліктің отставкаға кетуі мүмкін емес. Мұның соңы аласапыранға әкеледі.

 

Елге Сириядан босқындар ағылып жатыр

Елде тұрғындардың жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Бұл аздай, енді Ирактың солтүстігіне Сириядағы қақтығыстан босқындар ағыла бастады. БҰҰ-ның босқындар мәселесі бойынша агенттігінің мәліметінше, бір аптаның ішінде 10 мыңға жуық босқын бас сауғалаған. Өңірде гуманитарлық дағдарыс орын алды. Осыған орай кірмелерді азық түлікпен және қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолға алына бастады. БҰҰ Бас хатшысының Гуманитарлық мәселелер бойынша көмекшісі Урсула Мюллер Сирия шекарасындағы әскери операция басталғалы осы елден 180 мың адам босып кеткенін айтады.

Урсула Мюллер, БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша көмекшісі:

Сириядан 10 мыңға жуық босқын Иракқа қоныс аударды. Бұны доғару керек. Бұлай жалғасуы мүмкін емес. Түркияның әскери операциясы көрші елдерге кесірін тигізіп отыр.

Аймақта тұрақсыздық орнап, тұрғындар дүкен сөрелерінен ең қажетті тауарларды молымен алып, қамданып жатыр. Ал, Ирактың Сулеймания қаласында Түркияның әскери операциясына қарсы шыққандар түрік тауарларына байкот жариялады. Олардың айтуынша, саудадан түскен табыс қару-жарақ сатып алуға жұмсалады.

Министрлер кабинеті жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрмысы төмен студенттерге шәкіртақы төленеді деп уәде етіп отыр. Десе де, халықтың әрекетіне қарағанда үміттен гөрі күдік басым болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы