413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль ғалымдары тіршілікке қолайлы планеталарды тапты

  • 550
  • UPD: 22:38, 27.10.2019

Израиль ғалымдары екі ғаламшарды анықтады. Ең бастысы онда тіршілік пайда болуына жағдай бар. Жалпы ғарыштағы аспан денелерінің көбі биологиялық организмдердің өмір сүруіне жарамсыз. Ал тіршілікке қолайлы ғарыш денелерін экзопланеталар деп атайды. 

Жер бетіне қауіп төндіретін астероидтерді іздеген белгілі астрофизик Тигарден осыған дейін беймәлім болған жұлдызды ашып, жаңалығын жұртпен бөліскен болатын. Қалыптасқан дәстүрге сай әлгі жұлдыз оның есімімен аталды. Ал бірнеше жыл өткеннен кейін, израильдік екі ғалым осы жұлдызды айналып жүрген тағы екі ғаламшарды байқаған. 

Лев Таль-Ор, Иерусалим Университетінің астрофизика докторы:

- Бұл планеталарда біздікіндей күн мен түн ауысып тұрмайды. Олардың бір жағы үнемі жарық, ал қарама-қарсы беті қараңғы. Біреуі жұлдызды бес тәулікте, ал екіншісі 11 күнде толық айналып шығады. Олар өз жұлдызына жақын орналасқан. Алайда Тигарден Күн секілді ыстық емес. Сол себептен бұл ғаламшарларда температура нольден плюс 50 градусқа дейін ауытқып тұрады. 

Бүгінде галактикамыздың аумағында 4 мыңға жуық экзопланета бар екені белгілі. Олардың көбісі әлі толық зерттелмеген. Жаңа ашылған ғаламшарлар Жерден үш жарым парсек қашықтықта. Қазіргі технологияларды қолданып, оларға жүз жылдан аса уақытта ұшып жетуге болады. Яғни қазірдің өзінде пилотсыз аппараттарды жіберіп, онда тірлік бар-жоқтығын тексеруге мүмкіндік бар. 

Амри Вандель, Иерусалим Университетінің астрофизика докторы:

- Ғарыштағы алуан планеталардың арасында тіршілікке жарамды ғаламшар өте аз. Ең бастысы, онда сұйықтық пен айналасында атмосфера болуы тиіс. 

Қырық жылда бір рет Жер мен Тигарденнің экзопланеталары тура бір сызыққа түзеледі. Сонда арасын жауып тұрған өзге аспан денелері байқалмайды. Бұл кезде оларға еш кедергісіз радиобелгі жіберу мүмкіндігі бар. Өзге плантеларда тіршіліктің болуы екіталай болғанымен, Израильде алыс ғарышты игеруге алдын ала дайындалып жатыр. Ландшафты Марсқа ұқсас Негев шөлінде осындай мамандарды дайындайтын база бар. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы