412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атышулы лаңкестік ұйым басшысының құпияға толы өлімі

  • 760
  • UPD: 21:17, 28.10.2019

Сириядағы Ирак және Левант лаңкестік ұйымының басшысы Абу Бакр аль-БагдАди өлтірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп мәлімдеді. Ақ үй басшысы видео-үндеуінде арнайы әскери операцияға қолдау көрсеткен Ресей, Түркия, Сирия және Ирак тарапына алғыс білдірді. Бұл жаңалыққа жергілікті тұрғындар қуанса, сарапшылар күмәнмен қарап отыр.

2017-ші жылы Ресей қорғаныс министрі аль-Багдадидің көзі жойылды деген хабар таратқан еді. Дегенмен, кейінірек, лаңкестік ұйымның басшысы видео және аудио үндеулер таратып жүрді. Бұл жолы Ақ Үй басшысы арнайы ДНК арқылы аль-Багдадидің өлімін дәлелдей аламын деп отыр.

Д.Трамп: Кинодағыдай операция

Алдымен АҚШ-тың арнайы әскері Бариша ауылындағы аль-Багдадидің үйін нысанға алады. Басып алу кезінде қасында болған 11 бала баспанадан шығарылады. Ал, Багдадидің өзі жер асты жолдары арқылы ізін суытпақшы болған. Дегенмен, операцияға дейін бұл жолдардың барлығы анықталып, бақылауға алынған еді. Қақпанда қалған лаңкес қасында болған үш баласымен бірге қолға түспес үшін өз-өзін жарып жіберген. Операцияны Ақ Үй басшысы Дональд Трамптың өзі видеобайланыс арқылы бақылауда ұстады. Алдымен, твиттерге өте маңызды жаңалығым бар деген ол, ізінше «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының басшысы өлтірілді деп  мақтанышпен жарияға жар салды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Ол қорқақ қашқын ретінде көз жұмды. Жаны қиналып, дауысы шығып жатты. Өзімен бірге үш баласын да қоса алып кетті. Бұны өзінің елінен, оның ішінде АҚШ-тан кетпек болып жүрген балаларға көрсету керек. Операция алдын-ала дайындалғандықтан, жолдарды жауып тастағанбыз. Құдды бір кинодағыдай көрініс болды.

Әлем елдері Ақ үй басшысын құттықтап жатыр

Тікелей эфирдегі мәлімдемесін Трамп Ресей, Түркия, Сирия және Иракка алғыс айтуымен аяқтады. Себебі бұл елдер операцияның сәтті жүзеге асуына көмектескен көрінеді. Дегенмен, Ресейдің бұл жаңалықтан түк хабары жоқ болып шықты. Өзге мемлекет басшыларының пікірі де қарама-қайшы. Иран байланыс және ақпарат министрі Дональд Трампқа «Өзің өсірген құбыжықтың көзін өзің құрттың» деп твиттерде жазған. Франция Президенті «Бұл лаңкестердің көзі түбегейлі жойылды деген сөз емес» деп отыр. Борис Джонсон, Режеп Тайып Ердоған және Биньямин Нетаньяху болса, Дональд Трампқа құттықтауыларын жаудырды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Операцияны сәтті өткізген президент Дональд Трампты шын жүректен құттықтаймын. Бұл тарихи жағдай. Ұзақ жылға созылған қақтығыста жеңіске жеттік деген сөз. Лаңкестердің көзін құрту жолында Ақ Үй басшысы маңызды қадам жасады.

Ал, мынау бүгінгі іс-шарадан тараған видео. Матчка келген Дональд Трампқа көрермендер шапалақ ұрып, орнынан тұрып кұрмет көрсетеді. Әлем көшбасшыларының жаудырған алғысы тағы бар. Бұл орайда еріксіз тарихқа көз жүгіртеді екенсің. 2011жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманы Усама Бин Ладеннің өлімімен құттықтап жатқан кезде, Трамп твиттерге «Президентті құттықтаудың қажеті жоқ. Бин Ладенді өлтірген әскерилер» деген еді. Алайда Ақ Үйдің бүгінгі басшысы бұл сөзін ұмытып кеткен сыңайлы.

Жаңалыққа жергілікті тұрғындар қуанды

Саясаткерлердің пікірі сан түрлі болғанымен, бұл жаңалыққа жергілікті тұрғындар қуанып отыр. Себебі бұған дейін аль-Багдадидің көзі жойылды деген хабар бірнеше мәрте тараған еді. Жалпы, лаңкестік ұйымның басшысы 2014 жылдан бері тірі жанның көзіне түспеген. Жарақаттанды, өлтірілді деген ақпарларға қарамастан, бейнеүндеулер таратып отырған. Ал үш жыл бұрын АҚШ аль-Багдадидің басына 25 миллион АҚШ доллары сыйақы тағайындаған еді.

БЛИЦ:

– Бұл жаңалықты естіп, қуанып қалдық. Қылмыскердің көзі жойылды. Енді Сирия қауіпсіз елге айналады дегенге сенемін.

–Аль-Багдади басынан АҚШ-тың қуыршағы болған еді. Сол кезде көзін құртуға болатын еді. Десе де, қаныпезердің өлімін естіп, қуанып қалдық.))

Багдадиді өлді деу кімге тиімді?

Багдадидің көзін құрту – Трамп үшін маңызды жетістік. Біріншіден, алда президенттік сайлау. Екіншіден, демократтардың оған қарсы импичменті. Үшіншіден, Сириядан америкалық әскерді әкетем деп Ақ Үй басшысының сынға қалғаны тағы бар. Бұл жағдайлардың барлығында да Трамп өз абыройын көтеріп алмаққа ұқсайды. Сарапшылар лаңкестік ұйым басшының өлімін – Трамптың кезекті шоуы деп отыр.

Бэзил Иствуд, Ұлыбританияның Сириядағы бұрынғы елшісі:

– Бұл болған жағдай, Трамптың тікелей эфирдегі мәлімдемесі – алдын-ала дайындалған жақсы сценарий. АҚШ-тың саяси пайдасын барынша көтеру. Трамптың басы бұған дейін біраз шатаққа  ілінген еді. Осы жаңалық арқылы рейтингін көтеріп, абыройын көтеріп алмаққа ұқсайды.

Ең қызығы, бұл операция жайлы өкілдер палатасының көшбасшысы Нэнси Пэлоси хабарсыз болған. Трамп Конгрестегі қарсыласына бұл жоспар жайлы әдейі айтпадым дейді. «Себебі Вашингтон жырық астау»,– дейді. «Айтылған әңгіме тез тарап, операция сәтсіз өтер еді», – дейді Ақ Үй басшысы.

Хабар 24 телеарнасы