384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия Республика күнін тойлап жатыр

  • 329
  • UPD: 23:40, 29.10.2019
Түркия Республика күнін тойлап жатыр biz.censor.net.ua

Бүгін – Түркияда Республика күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

1923 жылы 29 қазан күні елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел конституциясына өзгерістер енгізіп, Түркия республикасы деп жариялады. Анадолы жерінің бас мерекесі мұнда бар сән-салтанатымен тойланып жатыр. Ал елдің бас қаласы Анкарадағы мейрам Ататүрік кесенесінде басталды. Бұл жердегі шараның алғашқы легі мемлекет және үкімет басшылары, министрлер мен саяси партия өкілдерінің қатысуымен өтті. Мұнда атаулы мерекелерді Ататүрік жатқан жерде атап өту бұрынан дәстүрге айналған. Бұл күні әдеттегідей елде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, шаһар орталықтарына қосымша сақшылар жұмылдырылады.

Эрдем Йылдыз, Анкара тұрғыны:

– Таңертең балаларымыздың Республика күніне арналған мерекелік шараларына қатыстық. Содан кейін отбасымызбен Ататүрік кесенесіне келдік. Бұл – бізде бір дәстүр. Баршамызды мерекемен құттықтаймын. Республикамыз жасасын. Мұстафа Кемал Ататүрік мәңгілік жадымызда болсын.

Мұстафа Чам, Анкара тұрғыны:

– 29 қазанда ойымызға Мұстафа Кемал Ататүрік келеді. Бұл күнде ұлт азаттық көтерілісі қаһармандарын еске алып, тағы бір рет бас иеміз. Атаулы күндерде Ататүрік кесенесіне кіруге кезек бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Алайда бұл біз үшін кедергі емес.

Хабар 24 телеарнасы