418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузиядағы құмар ойын орындары шетелдік туристер арасында танымал

  • 663
  • UPD: 12:39, 31.10.2019

Грузия – құмар ойын бизнесін заңдастырған елдің бірі, хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

 Сондықтан болар, елдегі ойын орындары шетелдік туристер арасында кеңінен танымал. Мамандардың сөзінше, Грузия бұл бизнесте әлемдік тәжірибеге сүйеніп, оны сәтті жүзеге асыра білген.

Бүгінде Грузиядағы құмар ойын бизнесі саласында 200-ден астам лицензия бар. Оның 75-і тотализаторларға берілген. Ел аумағында бұл бизнес түрі заңдастырылғалы бері ондағы бәсекелестік те күшейіпті. Сұраныс та артқан. Көбіне казино жанын шетелдік туристер жағалайды екен.

Лаврентий Губин, «Шангри Ла» казиносының баспасөз-хатшысы:

– Дәулетті адамдардың Тбилисиді демалыс орны ретінде таңдайтын себебі ел аумағында казино жұмысы заңдастырылған. Және онда сапалы қызмет көрсетіледі. Бұған қоса, Тбилисиге келетін азаматтар ақшасын тек казинода ғана жаратпайды. Олар шоппингке, түрлі мейрамхана мен қонақ үйге де шығындалады. Ал бұл өз кезегінде Грузия экономикасына қыруар табыс түсіреді. 

Грузия заңына сәйкес, онлайн-казино платформаларын тек құмар ойын мекеме иелері ғана аша алады. Оны қаржы министрлігіне қарасты табыс қызметтері бақылайды. Мәселен, ел астанасындағы казиноларға берілетін лицензия есебінен бюджет жыл сайын 2 миллион долларға толығып отырады. Сонымен қатар казино мекемелері әр тоқсан сайын әрбір ойын үстелі үшін 13 жарым мың доллар, ал ойын автоматтары үшін 1400 доллардан төлеуі тиіс. Бірақ соңғы уақытта жастардың құмар ойындарға әуестенуіне байланысты ел арасында ойын ордаларына қарсылық білдірушілер көбейген.

Вахтанг Чарая, Тбилиси мемлекеттік университеті талдау және болжау орталығының директоры:

– Егер аз уақытта мол табысқа кенелгісі келетіндерді қорғауды қаласақ, онда біз нақ сол азаматтармен жұмыс істеуіміз қажет. Бизнесті жабудың еш қажеті жоқ. Мұндай әдіспен жұмыс істейтін болсақ, онда жергілікті жұртқа әсерін тигізіп жатқан нысандардың бәрі жабылуы тиіс.

Бүгінде ел билігі кәмелет жасқа толмағандарды құмар ойындардан алшақтау мақсатында нақты шаралар қабылдауға кіріскен. Мәселен, бұдан былай 21 жасқа толмаған азаматтардың казиноға кіруіне тыйым салынады. Десе де, ел аумағында орналасқан құмар ойын бизнесінен келетін пайда да жоқ емес. Экономикалық кірістен бөлек, құмар ойын ордалары тұрғындарды жалақысы жоғары жұмыспен қамтып, туризмнің түлеуіне де септігін тигізіп отыр.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы