386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ президентінің әкімшілігі жаңа сайлауға дайындалып жатыр

  • 248
  • UPD: 21:31, 04.11.2019

АҚШ Конгресі өкілдер палатасының Дональд Трампқа қарсы импичмент шарасын бастау жөніндегі қарары Ақ үйде аса бір алаңдаушылық туғызған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ президентінің әкімшілігі қалыпты жұмысын жалғастырып, 2020 жылдың 3 қарашасына белгіленген жаңа сайлауға дайындалып жатыр.

Демократиялық партия өкілдері Дональд Трампқа қарсы импичмент аясында тергеу жүргізіп жатқан кезде, АҚШ президентінің жақтастары оның табыстарын жұртқа жеткізуге тырысып келеді. Жалпы импичмент шарасының өз нәтижесіне жетуі екіталай. Өйткені оны Сенат бекітуі тиіс. Ал Конгрестің жоғарғы Палатасы республикалық партияның бақылауында болып тұр. Сол себепті олар Дональд Трампты қызметінен босату туралы демократтардың ұсынысына жол бермеуі ықтимал. Осылайша бұл іс келесі президенттік сайлауға дейін созылып кетуі әбден мүмкін. АҚШ вице-президенті Майк Пенс Өкілдер палатасында жауап беруден бас тартты. Ол қоғам қайраткерлері және ғылыми ортаның өкілдерімен кездесіп, Дональд Трамптың Сириядағы, Қытаймен сауда тартысында және экономикалық салада жеткен жетістіктерін айтуды жөн көрді.

Майк Пенс, АҚШ вице-президенті:

– Жұмысына кіріскен сәтінде Президент АҚШ тарихындағы ең ауқымды салық реформасын бекітті. Біз корпоративтік салығымыздың мөлшерлемесін әлемдегі өзге елдердің деңгейіне дейін қысқарттық. Федералдық деңгейдегі реттеуді ең төмен деңгейге түсірдік. АҚШ энергетикасының дамуына барлық жағдай жасадық. Президент Трамп еркін және адал сауданы нық қолдап келеді.

Майк Пенстың айтуынша, Президент саясатының арқасында АҚШ экономикасы триллиондаған долларға ие болды. Ал жұмыссыздық деңгейі соңғы 50 жылдағы ең төмен көрсеткішке түскен. Дональд Трамптың тағы бір үзеңгілесі АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Президенттік Клуб мәжілісінде АҚШ әкімшілігінің сыртқы саясаттағы жетістіктері жөнінде баяндады.

Майкл Помпео, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

– Трамп әкімшілігінің атқарып жатқан еңбегі туралы айту керек деп санаймын. Бұл – менің міндетім. Мен басқа мемлекеттік хатшылардың көбісінен гөрі елді көбірек аралаймын. Халық мемлекеттік департаменттің салық төлеушілердің қаражатын қалай жұмсайтынын білуі тиіс.

Майкл Помпео өз баяндамасының біраз бөлігін Иранға арнады. Оның айтуынша, бұл елдің ядролық бағдарламасына қарсы жалғыз АҚШ қабылдаған санкциялар нәтиже бермейді. Бұл істе өзге елдермен тығыз әрекеттесу керек. Иранның ядролық бағдарламасы көптеген жылдар бойы халықаралық қауымдастықтың назарында. Осы импичмент төңірегінде қалыптасқан ахуалға байланысты Дональд Трамп әкімшілігіне сыртқы саясаттағы нақты жетістіктерге жету маңызды болып отыр. Сол себептен сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастар жаңадан өрбитін түрі бар.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы