388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия Еуропа елдеріне сес көрсетті

  • 177
  • UPD: 21:32, 04.11.2019

Түркия тұтқындағы содырларға қонақ үй емес. Елдің ішкі істер министрі Сулейман Сойлу осылай деп мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясаткер Сирияның солтүстігінде ұсталған «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының содырларын Еуропаға қайтарамыз дейді. Қазір шекарадағы жағдай да ушығып тұр. Америкалық әскерилер мен әлеуметтік көмек әкеле жатқан топқа шабуыл жасалып, Тель-Абьяд қаласында жарылыс болды.

Шабуыл жасалған өңір Түркия қолдайтын сириялық оппозицияның бақылауында болғандықтан, оқ атқан да осылар деген күдік бар.

Анкара Еуропа елдеріне сес көрсетті. Себебі Сирияның солтүстігіндегі «Бейбітшілік қайнары» операциясы барысында тұтқындалған лаңкестердің басым бөлігі – шет елдің азаматтары. Ал Еуропа елдері лаңкестік жолды таңдаған адамдарды азаматтығынан айырады әрі өз елдеріне қайтаруға қарсы. Түркияның ішкі істер министрі бұл елдердің жауапкершіліктен жұрдай екенін айтады. Анкараның ендігі мақсаты – лаңкестерді өз елдеріне қайтару.

Сулейман Сойлу, Түркия ішкі істер министрі:

– Әзірге тұтқындағы лаңкестерді арнайы орындарда бақылауда ұстап отырмыз. Дегенмен Түркия содырларға арналған қонақ үй емес. Біз мемлекеттермен әр азаматты өз еліне қайтарамыз деп келіскен едік. Ал олар лаңкестерді өз елінің азаматтығынан шығарып, жауапкершіліктен қашып отыр.

Жаһанды таңырқатқан жаңалық бұл ғана емес. Түркия қолдайтын сириялық оппозиция шекара маңында америкалық әскерилер мен әлеуметтік көмек әкеле жатқан топқа шабуыл жасаған. Free Burma Rangers қайырымдылық ұйымы Телль-Тамера елді мекеніне бағыт алған екен. Атыс салдарынан бір мьянмалық дәрігер көз жұмды. Одан кейін дәл сол аймақта Иракка бағыт алған америкалық әскерилерге де шабуыл жасалған. Бұл туралы Ресейдің Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Юрий Боренков, Сириядағы тараптарды татуластыру орталығының жетекшісі:

– Үшінші қараша күні Иракпен шекаралас М4 бағытында жолда келе жатқан АҚШ әскерилеріне шабуыл жасалды деген ақпар келіп түсті. Телль-Тамер елді мекенінен 6 шақырым жерде болған бұл атыс кезінде ешкім зардап шекпеген. Өңірді Түркияның қолдауындағы сириялық оппозиция бақылауда ұстайды.

Түркияның Қорғаныс министрлігі бұл шабуылдарға қатысымыз жоқ дейді. Жалпы қазіргі таңда Сирия мен Түркия шекарасында оқ атпау келісімі күшіне енген. Яғни Сочидегі Путин мен Ердоғанның алты сағаттық кездесуінен кейін тараптар Сириядағы «Бейбітшілік қайнары» операциясы аумағын бірге бақылауда ұстайтын болып келісті. Күрд жасақтары өз еркімен өңірден кеткен болатын. Дегенмен бақылаудың бірінші күні келісімге қайшы 31 әрекет тіркелген. Алеппо, Латакия, Идлиб, Хама елді мекендерінде оқ атылған. Ресми Пентагон бізге шабуыл жасалған жоқ, тек артиррелиялық атыстың куәгері болдық дейді. Ал Дональд Трамп шекара үшін енді бас ауыртпаймыз дейді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ақ үйге арнайы сапармен келуді жоспарлап отыр. Қарым-қатынасымыз өте жақсы. Келісім өз деңгейінде жүзеге асты. Бізге Сириядағы мұнай ғана маңызды. Сол себепті әскерилерімізді тек мұнай кешендерін бақылауға қалдырдық. Ал шекара жайын Сирия мен Түркия өздері шешеді. Мың жылдап сол үшін қақтығысып келеді ғой. Шекара өздерінің мәселесі.

Әр елдің басшысы осылайша өз пайдасын ойлап, қарпып қалуға тырысып жатқанда, Италиядағы күрдтер ереуілге шықты. Олар Сирияның солтүстігіндегі Түркия бастаған операцияға БҰҰ араласуы керек деп отыр. Наразы жұрт қолына «Ердоған – қылмыскер, Трамп - сатқын» деген ұрандар жазып алып шыққан.

Фатма Челиккан, белсенді:

– Күрдтерді барлығы лаңкес деп жатыр. Шынында, осындай атыс-шабыс ұйымдастырған Түркияның өзі – терористер. Оны жақтап, былығын жапқандар да лаңкестер.

Антонио Оливьери, «Verso Il Kurdistan» итальяндық қауымдастығының вице-президенті:

– Біз бүгін күрдтерге қолымыздан келгенше қолдау білдіру үшін көшеге шықтық. Себебі Трамп оларды пайдаланып, Түркияға жығып берді.

Таяу Шығыстағы жағдай осы. Ал демалыс күндері Түркияның бақылауына өткен Тель-Абьяд қаласында жарылыс болды. Көлікке қойылған мина базар маңында жарылып, 13 адам қаза тапты. Тағы 30 шақты тұрғын жарақат алған. Түркия қорғаныс министрлігі жарылысты күрд жасағы ұйымдастырды деп отыр.

Ұйымдар мен өзге мемлекеттер операция басталғалы түрлі сындар айтып келеді. Олардың қатарында Германия, Франция бар. АҚШ Конгресі Түркияға қарсы санкция жариялады. Дегенмен ешқайсынан нәтиже болған жоқ. Бола қоюы да екіталай.

Хабар 24 телеарнасы