376,43 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бразилияда болған экологиялық апатқа айыптылар сот алдында жауап береді

  • 320
  • UPD: 18:33, 05.11.2019

Бразилияда осыдан екі ай бұрын болған жойқын экологиялық апаттың салдарын әлі күнге дейін залалсыздандыра алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағалаудың екі мыңнан аса шақырымы мұнаймен ластанған. Осыған байланысты экологтар дабыл қағуда. Бұл үшін кім айыпты және қандай жаза тартатынын тілшіміз анықтап көрді.

Экологиялық апат Бразилияның бүкіл жағажайларына зиян келтірді. Ел үкіметі оған кінәлілерді бір ай бойы таба алмай әлек болды. Жергілікті сарапшылар бірден Венесуэла танкерлеріне айып таққан болатын. Алайда көп ұзамай айыптылар тізіміне әлемнің өзге де ірі мұнай өңдеушілері енді.

Жозe Франциско Гонсалвес, биолог:

Бүгінде ағылған мұнайдың тек аз бөлігі жиналған. Ол бір мың тоннадан сәл асады. Бразилияның ғылыми қауымдастығы осындай жауапсыздық қатал жазалануы керек деп санайды. Айыптылар орасан зор мөлшерде айыппұл төлеуі тиіс. Бірақ бұл жағдайды түзете алмайды анық.

Жуырда Бразилия президенті Жаир Болсонару ОПЕК ұйымына кіру жоспарын жариялады. Яғни, 2030 жылға қарай Латын Америка аймағы әлемдегі ең ірі мұнай өндірушіге айналуы мүмкін. Алайда бұл мәлімдеме табиғат қорғаушыларының наразылығын тудырып отыр. Олар экологиялық апаттар қайталана беретініне сенімді. Статистикаға сүйенсек, осындай оқиғалар жиелей түсті. Мұның басты себебі шикізатты сақтау мен тасымалдау ережелерін бұзу болып отыр.

Энрике Лейте Шавес, гидролог:

Жыл сайын осындай салақтықпен күресіп келеміз. Былтыр Рио-де-Жанейроның маңында 60 мың литр мұнай өнімі Эстрела өзенін ластаған. Сол кезде апат мұнай құбыры тиісті деңгейде күзетілмегендіктен болған еді. Осындай апаттар үшін жазаны күшейту қажет.

Бразилияның басты мұнай өндірушісі Petrobras компаниясы өзінің бақылау жүйесін жетілдіруге тырысып келеді. Экологиялық апаттарға айыптылар ұзақ және мұқият тергеуден кейін Жоғарғы сот алдында жауап береді.

Авторлары: Анна Орлова, Герберт Рейс

Хабар 24 телеарнасы