388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияға қандай қауіп төніп тұр

  • 160
  • UPD: 21:37, 07.11.2019

Әбу-Бакр аль-Бағдадидің әйелі мен туыстары ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ирак және Левант» лаңкестік ұйымы көшбасшысының жақындарын Түркияның қорғаныс күштері Сирияда қолға түсірген. Бұл туралы Режеп Тайып Ердоғанның өзі мәлімдеді.

Десе де, тұрғындар тарапынан алаңдаушылық көп. Себебі көзі жойылған аль-Бағдади мен оның туыстары алыста емес, дәл Түркияның іргесінде емін-еркін өмір сүріп келген.  

Вашингтонның «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымы көшбасшысы аль-Бағдадидің көзін жойдық деген мәлімдемесінен соң, түркиялықтардың үстінен бір жүк түскендей болған еді. Бірақ жергілікті тұрғындар енді өз қауіпсіздігіне алаңдай бастады. Себебі қанпезер-лаңкес өмірінің соңғы күндеріне дейін иек астында, яғни Идлиб елді мекенінде жасырынып келген. Бұл өңір – Сирияның Түркияға ең жақын шекарасы. Ал тақауда аль-Бағдадидің 65 жастағы әпкесі мен жездесі және әйелі де дәл осы өңірден ұсталды. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Біз Сирияда аль-Бағдадидің әйелін қолға түсірдік. Бірақ оны әлемге жар салып, шу шығарған жоқпыз. Қазір бұл жиында алғаш рет мәлімдеп отырмын. Бұған дейін оның әпкесі мен күйеуі, яғни жездесін тұтқынға алған болатынбыз.

Лаңкестік ұйымның басты фигуранттары тұтқындалғанына қуанып отырған халық жоқ. Себебі билік күрд жасақтарымен алысып жатқанда, Түркияға шекарадан қауіп келе ме деп алаңдаулы.

Эрк Аджарер, сарапшы:

– Әлем бойынша іздеу салынған ең танымал лаңкестің Түркияға жақын жерден табылғаны алаңдаушылық тудырады. Себебі бұл мемлекеттің қазіргі басты мақсаты – лаңкестердің көзін жою. Күрдтермен күресеміз деп шекарадан кімнің өтіп жатқанын байқамай отыр. Мәселен, Идлибтегі операция кезінде 3000 сириялық азамат Түркия шекарасынан емін-еркін елге өткен.

Күрд жасақтарымен күрес те оңып тұрған жоқ. Оқ атпау келісімнен кейін «Бейбітшілік қайнары» операциясы аумағын ресейлік және түркиялық әскерлер бірге бақылауға алған еді. Түркиялық тарап өңрден күрд жасағы әлі толығымен кетпегенін айтады. Тіпті жергілікті күрд тұрғындары екі елдің әскерилерінен құралған бақылау тобына тас лақтырып, тыныштық бермей жатыр.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы