388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран зауыттары жыл сайын бір млн автомобиль экспорттауды көздеп отыр

  • 107
  • UPD: 11:18, 08.11.2019

Иран жолдарында шетелде шығарылған автокөліктерді сирек көресің.

Бұған баж салығының жоғары болуы себеп. Тіпті кейбір көліктерге салық мөлшері оның құнынан асып түседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан жергілікті жүргізушілер отандық өнімді таңдайды. Ал елде 25 ірі автозауыт жұмыс істейді.

Автоөндіріс саласы Иранда мұнай мен газдан кейінгі орында тұр. Елдің жалпы ішкі өнімінде жеңіл автокөліктердің үлесіне 12%-і тиіп тұр. Өткен жылы бұл сала 27 миллиард доллар табыс әкелген. Оның 9 миллиарды қосалқы бөлшектер өндірісі. Жергілікті инженерлер алдағы бес жылда бұл көрсеткішін екі есе арттыруды көздеп отыр.

Мохаммадджавад Кашани, көлік иесі:

Шетелдік автокөлік иесінің беделін көтерсе де, оның мәнісі жоқ. Тіпті дәулеті асқан адамдар да мұны ысырап деп санайды. Бізде Peugeot автомобильдері кеңінен тараған, бірақ оның тек қозғалтқышы ғана франциялық, қалғанын елімізде жасайды. «Саманд пен Дэна» – таза ирандық өнім, олар да жолдарда жиі кездеседі. Бұл көліктер Таяу Шығыс елдері мен Ресейге экспортталады.

Дамыған автоөндірістің басты кемшілігі – қоршаған ортаға келтіретін зияны. Ірі қалаларда түтіннен көз аша алмайсың. Соңғы жылдары жергілікті өндірушілер бұл мәселені шешуге кірісіп, экологиялық таза қозғалтқышты жасау бойынша өз идеяларын ұсынған. Сондай-ақ электрокарларды жаппай шығару туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Айта кетер бір жайт, әлемдегі алғашқы ақылды электрокарды ирандық инженерлер ойлап тапқан.

Мохаммад-Реза Мохсени, автокөліктер саудасымен айналысатын кәсіпкер:

- Иран әлемдік автоөндірісте революция жасайтынына үмітіміз бар. Қазірдің өзінде көп жетістіктеріміз бар. Жер гравитациясынан істейтін және қосымша қуаттауды қажет етпейтін аккумуляторлардың өзі нағыз реформа саналады. Сондай-ақ жаппай өндіріске енген әлемдегі алғашқы газ қозғалтқышын шығардық.

Дегенмен, жергілікті автоөндірістің сыншылары да жеткілікті. Олар сапасы шетелдік көліктерден төмен екенін алға тартады. Алайда, билік өкілдері мұның себебі санкцияларда жатыр дейді. 2012 жылдан бері ирандық автоөндірушілер қиын кезеңді бастан кешіріп отыр. Алайда келесі жылы қарқынын күшейтіп, жыл сайын бір миллион машина экспорттауды көздеп отыр.

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы