411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильдіктер ауыл шаруашылығында неге еңбек еткісі келмейді

  • 511
  • UPD: 09:41, 12.11.2019

Израиль ауыл шаруашылық саласында әлем елдері арасында алдыңғы қатарда тұр.

Жерінің басым бөлігі шөлейт бұл шағын ел өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етіп қоймай, өнімдерін экспортқа да шығарып келеді. Алайда жергілікті фермерлер кәсібінде шешімін таппаған мәселелер де жетіп артылады.

Рани Барнес есімді фермер әсіресе анар ағаштарын мақтан тұтады. Әр жемісінің салмағы бір жарым келіден. Өнімінің біраз бөлігі Еуропа, АҚШ пен Ресейге экспортқа кетіп жүр. Елу жылдық тәжірибесі бар Ранидің ауыл шаруашылығы жөнінде білмейтіні жоқ. Ең бастысы, бұл ауыр еңбекті қажет ететін кәсіп екені жақсы түсінеді.

Рани Барнес, фермер:

– Хайтек саласында бір нәрсені ойлап тауып, Сингапурде компания ашып, компьютерлерге толы кеңсе жалға алып, жұмыс істеуге болады. Ауыл шарушылығында жағдай өзгеше, ағашты ексең, одан алыс ешқайда кете алмайсың. Өз егістігімдегі әр бұтақ пен ағашты жатқа білемін.

Израиль ауыл шаруашылығы үшін онша қолайлы ел емес. Жерінің басым бөлігі – шөлді. Су жетіспейді, егістерін суару үшін фермерлер көп ақша төлейді. Сол себептен өнімдері де қымбат. Дегенмен ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Рани Барнес жылына 10 мың тонна жеміс пен көкөніс жинайды. Израильде ауыл шаруашылығында озық технологиялар кеңінен қолданылады. Мысалы, тамшылап суару жүйесі немесе ылғалдықты компьютерлермен бақылау. Ағаш түбі құрғап қалса, арнайы қондырғы суару қажеттігі туралы смс жіберіп тұрады.

Рани Барнес, фермер:

– Ең күрделі мәселе – жұмысшылар. Израильдіктер ауыл шаруашылығында еңбек еткісі келмейді. Палестиндіктерді жалдауға болады, бірақ қазір олардың саны аз. Бұрын Газадан жалдайтын едік. Қазір Газа аймағы жабылған. Жұмысшыларды Таиландтан әкелеміз. Бір қызығы, олар үшін жеке салық – жылына 100 мың доллар төлеймін. Сондай-ақ олар үшін зейнетақы төлемдерін аударып жүрмін. Бұл ақылға сыймайды, өйткені олар бұл жерде зейнетақы алмайды.

Фермердің айтуынша, мемлекет көмектеспесе де, кедергі жасамаса болар еді. Бюрократия мен шамадан тыс реттеу көп. Рани жұмыс бабымен Еуропада жиі болып тұрады, онда кәсіп жүргізу едәуір жеңіл дейді, салық төлесең болды, қағаз толтыруға көп уақыт жұмсамайсың. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы