411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде премьер-министрдің жақтастары мен қарсыластары шеруге шықты

  • 380
  • UPD: 10:08, 13.11.2019

Израильде бір мезгілде екі бірдей шеру өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біреуіне премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың жақтастары жиналса, екіншісін оның қарсыластары өткізген. Еске сала кетсек, үкімет басшысына қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Жақтастары мұны негізсіз жала жабу деп санаса, қарсыластары премьердің отставкаға кетуін талап етіп отыр.

Полиция Петах-Тикведегі алаңды қоршаумен бөгеп тастаған. Бір жағында премьер жақтастары, ал өзге бөлігінде қарсыластары шеру өткізіп жатыр. Тәртіп сақшылары олардың қақтығысып кетпеуін мұқият қадағалап отыр. Дегенмен кейбіреулері бөгеттен өтіп, қарсыластарымен қызу дауласып, кейде жаға жыртысуға дейін де барып жатыр.

Беньямин Нетаньяхудың жақтастарының пікірінше, демократияға қауіп төніп тұр. Премьер мен билік басындағы Ликуд партиясына қарсы қастандық ойластырылған, ал олар бұл жоспарын бұзуға ниетті көрінеді.

Борис Апличук, Ликуд партиясы орыстілді штабының өкілі:

– Нетаньяхуға қарсы істерді тергеуге қанша күш пен қаржы жұмсалып жатқанына қарағанда, мұның саяси шабуыл екені анық. Егер өз мақсатына жетсе, келесі премьер қай партиядан сайланса да, қолдарындағы қуыршаққа айналады.

Қарсыластары болса, демократияға қылмыстық істер емес, оны ашуға себеп болған әрекеттер қауіп төндіріп тұр дейді. Бұл жемқорлық, заң күші бәріне бірдей болуы керек, премьер қылмыс жасаса, жазаға тартылуы тиіс. Осындай жағдайда ол елдегі ең жоғары лауазымды иеленбеуі керек.

Сигалит Кеслер, шеруші:

– Ликуд партиясында осы орынды басуға лайық беделді адамдар көп. Мен өзім оңшыл көзқарасты ұстанамын. 2009 жылға дейін үнемі Ликуд үшін дауыс беріп келдім. Бірақ содан кейін ойымнан айныдым. Өйткені Нетаньяху – Ликуд емес. Оған үкіметте орын жоқ.

Қос тарап та бұл істер бойынша шешім қабылдануы керек деген ортақ пікірге келген. Бірақ қандай әрекет болатыны туралы көзқарастары мүлдем өзгеше. Нетаньяху жақтастары оны толығымен ақтап, тергеуді бастағандарды жазалау қажет деп санаса, қарсыластары премьерді дереу қызметінен кетуін талап етіп отыр.

Авторы: Сергей Ауслендер.

Хабар 24 телеарнасы