376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Су тасқыны бірнеше елдің тұрғындарын үй-күйсіз қалдырды

  • 306
  • UPD: 20:30, 13.11.2019

Әлемнің бірнеше елінде тасқын әбігер туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ұлыбритания, Италия мен Конгода бірқатар отбасының барар жер, басар тауы қалмаған. Кей жерлерде гуманитарлық дағдарыс белең алды. Апаттан есеңгіреген халық биліктен көмек күтеді. Мамандар соңғы кездері су тасқынының жиілеуін экологияның өзгеруімен байланыстырып, бұл проблеманы әлем елдері бірігіп шешу керек деп отыр.

Су тасқыны бірнеше адамның өмірін қиған. Одан бөлек, мыңдаған тұрғын үй-күйсіз қалды.

Ұлыбританияның орталығы мен солтүстігі су тасқынынан зардап шекті. Аймақта бірнеше күн жауған толассыз жауын салдарынан бір адам қаза тапты. Табиғат апаты жүздеген тұрғынды баспанасынан айырды. Құтқарушылар адамдарды әлі де эвакуациялап жатыр. Әсіресе Дон өзенінің бойында тұратындар трактор мен қайыққа отырып, өзге жерге көшуге мәжбүр. Онда өзен тасып, судың деңгейі рекордтық көрсеткішке дейін жеткен. Елдегі түрлі партия өкілдері тасқынмен күресу үшін тиісті шаралар дер кезінде қолға алынбады деп шағымданып, төтенше жағдай режимін жариялауды талап етті. Осыған орай премьер-министр үкімет отырысын ұйымдастырып, апаттың алдын алу мәселесін талқыға салды.

Джереми Корбин, еңбек партиясының көшбасшысы:

– Бұл проблема алдағы ауқытта да кездесетін болады. Алдын алу шаралары қолға алынбаса, орасан зор шығынға батамыз. Өзге елдермен бірігіп, мәселенің шешімін табуымыз керек. Климаттың өзгеруі бәрімізді де алаңдатып отыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Мұндай апат биыл ғана болып тұрған жоқ. Осы жолы да барлық құтқару қызметтері тасқынның алдын алу үшін барынша тырысты. Бұдан былай, апатпен күресу үшін жыл сайын қаржы бөліп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде оған 2,6 млрд фунт стерлинг бөліп отырмыз. Экономикасы мықты ел ретінде біз кез келген табиғат апатына дайын болуымыз керек.

Италияның Венеция қаласында да дәл осындай жағдай. Өңірге ағылған туристер көрікті жерлерді аралау үшін резеңке етік киюге мәжбүр.

Шаһардың Сан-Марко алаңын су басқан. Тіпті судың деңгейі 187 см-ге дейін көтерілді. Қаланың 80 проценті көлге айналды. Мұндай алапат тасқын соңғы 50 жылда болмаған дейді мамандар. Венеция мэрі аймақта төтенше жағдай режимін жариялады.

Блиц:

– Венеция - өте көрікті қала. Шаһар суда тұрғанда ерекше көрініске ие болады. Алайда кері әсері де бар.

– Су тасқыны сырттан келгендер үшін қызық. Ал жергілікті халыққа күрмеуі қиын мәселеге айналды. Пәтерім бірінші қабатта болғандықтан, жыл сайын қиналамыз.

Ал Африкадағы Конго Демократиялық Республикасы бірнеше апта бойы тасқынның зардабын тартып келеді. Елдің 40 мыңға жуық тұрғыны баспанасынан айырылып, далада түнеуге мәжбүр. Оның 24 мыңы – бала. Жауын-шашын да басылмай тұр. Жергілікті билік апат салдарымен күресуге дәрменсіз. Халық гуманитарлық көмекке мұқтаж. Қазір елде ауыз су, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшы. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, табиғат апатынан бір адам көз жұмған.

Хабар 24 телеарнасы