384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таяу Шығыстағы шырғалаң

  • 251
  • UPD: 20:35, 14.11.2019

Газа секторында екі күнге созылған қанды қырғыннан кейін тараптар атысты тоқтатамыз деп мәмілеге келген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектептер қайта ашылып, мемлекеттік ұйымдар қызмет көрсете бастаған. Бірақ мұнысы көпке созылған жоқ. Жаңа ғана Израиль аумағына 5 зымыран ұшырылды деген хабар түсті.

Соңғы екі күн бойы Таяу шығыстағы жағдай ушығып кетті. Қанды қырғын Израиль күштерінің Газа секторына әуеден соққы беруінен басталды. Шабуылдың нысаны «Ислам жиһады» лаңкестік ұйымының басшысы – Бахи Әбу әл-Ата болған. Израильдің қарулы күштері діттеген мақсатына жетіп лаңкестің көзін жойды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, әл-Ата жүздеген террористік шабуылға қатысы бар деп айыпталған.

Израиль «Ислам жиһады» басшысын өлтірді

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Бұл қадамымызды алдын ала болжадық. Мақсатымызға жеттік. Израиль аумағын шабуылдаған лаңкестердің бірде-біреуі жазасыз кетпейді. Олар қайда тығылмасын, тауып аламыз. Катаң жазаланады.

Нафтали Бенет, Израильдің қорғаныс министрі :

– Террорлық әрекетті ұйымдастырған әр лаңкес «өз өміріне балта шапты» деп түсіну керек. Әр адам лаңкестікті жасау алдында ойлану керек деп ойлаймын.

Қақтығыстан 36 адам қаза тапты

Газа секторындағы «Ислам жиһады» лаңкестік ұйымының мүшелері де қарап жатқан жоқ.

Израиль аумағына қарымта жауап бере бастады. Арнамыздың Израильдегі меншікті тілшісі Газа секторына 400-ге жуық зымыран атылғанын хабарлады. Қақтығыс кезінде 77 израиль азаматы жарақат алған. Ал Газа секторында израильдіктердің соққысынан 36 палестиналық мерт болды. Олардың басым бөлігі «Ислам жиһады» лаңкестік ұйымының мүшелері. Одан басқа ондаған адам түрлі жарақат алған.

Блиц:

– Жарылыс басталғанда не болғанын білмек болып сыртқа шықтым. Қарасам жолда тұрған көлік қирап жатыр. Бір әйелдің жылап жатқанын көрдім. Жарылыстан оның баласы мерт болған екен.

– Бұл үлкен қылмыс. Қаза тапқан балалар мен әйелдердің не жазығы бар. Бұл әрекеттер үшін кім жауап береді? Жазықсыз жандардың өмірін қиып, не ұтты?

Шабуыл кезінде Израиль Газа секторындағы лаңкестердің жаттығу базасы мен қару-жарақ қоймасын жарып жіберген. Сонымен қатар, аталған ұйымның штаб пәтерінің де күл талқаны шықты.

Атысты тоқтату туралы келісім бұзылды

Бүгін екі күнге созылған қанды қырғыннан кейін тараптар атысты тоқтату туралы шешім қабылдаған еді. Аймақта мектептер қайта ашылып, мемлекеттік ұйымдар өз жұмысына кірісе бастаған . Алайда қуаныш көпке созылған жоқ. Жаңа ғана Израиль аумағына 5 зымыран атылды деген хабар түсті. Екі зымыранды әуе қорғаныс жүйесі қағып түсірген. Қалғаны бос жатқан аумаққа жарылды. Израиль де қарап жатпай, артынша Газа Секторына қарай әуеден соққы бере бастады. 

 

Хабар 24 телеарнасы