384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Франциядағы «Сары жейделілер» қозғалысына бір жыл толды

  • 227
  • UPD: 18:15, 17.11.2019

Осыған байланысты қозғалыс басшылары бірнеше бейбіт шеру өткізуді жоспарлаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ Париждегі шеру соңы тағы да қақтығысқа ұласты. Сөйтіп бірнеше ай бойы болмаған тәртіпсіздіктер Францияда қайта басталды.

Небәрі бір жыл бұрын Францияда бензин бағасының қымбаттауы халықтың көтерілуіне әкеп соғатынын ешкім де болжай алмаған еді. Бүгінде жанармай салығы ұмытылып, мәселе әлеуметтік күрделі дағдарысқа ұласты. Ал қазір Италия алаңында өтіп жатқан ереуіл өзінің шарықтау шегіне жеткендей. Әдеттегідей «Сары жейделілер» наразылықтарын білдірмек болып, алаңға жиналды. Бірақ тәртіп сақшылары тарапынан тегеурінді тойтарысқа тап болды.

Марион, ереуілге қатысушы:

– Мен мұнда тойлау үшін жүргенім жоқ. Сонау алыстан өз құндылықтарымызды қорғау мақсатында келіп отырмын. Бір жыл бойы сары жейделілер қозғалысын қолдап жүрмін. Жалпы, мен 15 жасымнан түрлі манифестацияларға қатыса бастадым. Соның ішінде зейнетақы реформаларына қарсы шерулерге де атсалысқаным бар.

Әдетте Францияның тәртіп сақшылары ереуілшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етулері тиіс. Бірақ бұл жолғы жағдай мүлдем керісінше болды. Демонстранттардың наразылығы осы алаңмен шектелсін дегендей, полиция барлық шыға берісті жауып тастаған. Салдарынан бейбіт қатысушылар да, журналистер мен радикалдар да қақпанға түскендей күй кешті. 

Давид, ереуілге қатысушы:

– Осы жерден шықпақ болғанымызда тәртіп сақшылары бізге сес көрсетті. Өз басым шығуға тырысқан кезде полицей мені травматикалық қарумен қорқытты. Мұндай әрекетке мүлдем жол берілмеуі тиіс. Франция адам құқығы қорғалатын және демократиялы ел болған еді. Енді біздің ешбір құқығымыз жоқ секілді.

Салдарынан Италия алаңында өткен ереуілден аялдамалар қирап, самокаттар мен мотоциклдар өртенді. Бірнеше азамат жарақат алды. Осыдан кейін полицейлер шеруді тоқтатпақ болып, адамдарды алаңнан шығара бастады. Түптеп келгенде, бұл жағдай бір жыл ішінде билік пен халық арасында түсіністіктің әлі де пайда болмағанын аңғартты. Демек елдегі ереуілдер мен қақтығыстар жалғасын табуы әбден мүмкін. 

Авторлары: Алия Сыздыкова, Бекхан Тепсаев.

Хабар 24 телеарнасы