384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Иран халқы жанармай бағасының күрт қымбаттап кеткеніне наразы

  • 136
  • UPD: 21:22, 18.11.2019

Жанармай бағасы күрт қымбаттаған Иранда толқулар басылар емес. Үшінші күн қатарынан наразы халық ереуілдетіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

100 шақты банк бөлімшесі өртеніп кетті. Мыңдаған адам түрмеге қамалды. Алған жарақатынан полиция қызметкері қаза тапты. Билік ғаламторға шектеу қойды.

Көшедегі толқулар басылған жоқ. Ғаламторға қойылған шектеуден елдегі біздің тілшімізден де екі күннен бері хабар ала алмай отырмыз.

Иранның бірден он шақты қаласында жаппай ереуілдер өтіп жатыр. Халық жанармай бағасының күрт қымбаттап кеткеніне наразы. Даудың басы 15 қараша күні шықты. Билік өкілдері отынның құны 50%-ке өсіп, айлық шектеу қойылғанын мәлімдеді. Ең қызығы, жанармай бағасының қымбаттауынан түскен қаражат жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету үшін жұмсалады-мыс. Билік өкілдері осылай дейді. Дегенмен, бұл бастама тұрғындардың көңілінен шықпады. Халық наразылығын білдіріп, көшеге шыға бастады. Бір қалада митинг бейбіт өтсе, Тегеранда жолды бөгеп тастағандар табылды. Ал, кейбіреулері тіпті мұнай өндірісі мен жанармай бекеттерін өртемек болған.

Блиц 1:

- Билік бұл қадамға неге барды? Себебі қазынада қаражат қалмады. Санкцияның астында қалдық. Бюджетте дефицит. Сонда билік мемлекетті басқару үшін халықтың қалтасына қол сұғуы керек пе? Бұл сұмдық қой.

Блиц 2:

- 20 жылдық тәжірибиеме қарамастан, жалақым көп емес. Ал, енді жаңашылдықтан кейін бір бак бензин үшін 450 000 риал төлеуім керек. Қалай өмір сүреміз сонда? Тамақты, дәрі-дәрмекті қай ақшамызға аламыз?

Сонымен, елде енгізілген жаңа ереже қандай? Зерттеп көрдік. Бұған дейін Иранда 1 литр жанармайдың құны 10 000 риал еді. Айына кез келген жүргізушіге 250 литрге дейін қолдануға рұқсат берілген болатын. Ал, енді жаңа ережеге сай ирандық жүргізуші айына тек 60 литр ғана жанармай ала алады. Оның 1 литр бағасы 15000 риалды құрайды. Егер бекітілген нормадан асып кетсеңіз, әрбір литр үшін 30000 риал жұмсайсыз. Бұл жаңашылдықтан мемлекетке жылына 300 мың риал кіріс түспек. Бюджетті жоспарлау ұйымының басшысы Мохаммад Бакер Нобахт «бұл қаржаттан жағдайы төмен 18 миллион отбасыға қосымша қаржылай көмек бөлінеді» дейді. Иранның жоғарғы басшысы да бұл бастаманы қолдап отыр.

Али Хаменей, ұлы аятолла:

Мен сарапшы емеспін. Дегенмен, бұл бастаманы қолдаймын. Ия, халық жаңалықты қуана қабылдамады. Қалтамыз қағылады деп уайымдап отырғандар да бар. Бірақ банк бөлімшелерін өртеп, қаланы қиратып жатқандар біздің халық емес. Ниеті арам, пиғылы нашар радикалдар. Осылайша, елдегі жағдайды қолданып, бүлік шығарып отыр. Өз елін құрметтейтін азамат бұндай қадамға бармайды.

Билік өкілдері осылайша, азаматтарды сабырға шақырғанымен, бүлік шығарып, шаһарды басына көтергендер жетерлік. Тіпті Сирджан қаласындағы ереуіл кезінде жарақаттанған полиция қызметкері қаза тапты. Бехбеханда ереуілші көз жұмды. Ал, жергілікті басылымдар толқудан 20 адамның қаза тапқанын жазуда. Бірнеше қалада ашуланған жүргізушілер жолды бөгеп, қозғалысты тоқтатып тастады. Тәртіп сақшыларымен қақтығысқан 1000 адам тұтқындалды. Жүздеген банк бөлімшелері мен сауда орындарына өртеніп кетті.

Махбух Бахтияр, жергілікті тұрғын:

- Жанармай бағасының қымбаттауы барлығына әсер етеді. Мәселен, түнде отын қымбаттаса, күндіз пәтердің бағасы қымбаттайды. Бұл жерде азық-түлік пен көкөністің бағасын айтпай-ақ қояйық. Жанармай қымбаттаса, олардың тасымалына шығын көп кетеді деген сөз. Саудагерлер оны тауардың бағасына қосады ғой. Сондықтан жанармай бағасын түсіру өте маңызды.

Билік өкілдері жаппай ереуілдер басталған соң өзара жабық жиналыстар өткізіп әлек. Ал, прокуратура болса, халыққа сес көрсетті. Мохаммад Джавад Монтазери «көшеге шыққан ереуілшілер заңмен қуадаланады» деген мәлімдеме жасады. Одан бөлек, елде ғаламторға шектеу қойылды. Биліктің бұл қадамын өзге мемлекеттер қатаң сынға алып жатыр.

Стефани Гришэм, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

Америка Құрама Штаттары Иран халқын қолдайды. Өз ойларын блдіруге халықтың құқығы бар. Билік өкілдерінің ереуілшілерге күш қолдануы, байланысқа шектеу қоюы орынсыз. Вашингтон Тегеранды қатаң сынға алып отыр.

Жалпы жанармай бағасы неліктен қымбаттады? Иран әлем бойынша мұнай өндірісі ең ауқымды мемлекеттердің бірі емес пе? Тіпті жылдық табысы жылына миллард доллардан асып жығылады. Бұған себеп АҚШ-тың санкциясы болып отыр. Бүгінде Иран экономикасы қиын жағдайда. Инфляцияның жылдық деңгейі төрт есеге артқан. Шетелдік инвесторлар саны азайған. Валюта құны рекордтық төмен деңгейге түсіп кетті.

Айта кетейік, өткен жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығып, Тегеранға қарсы санкцияны қайта жандандырған еді.

Ирак Иранмен шекаралас оңтүстіктегі Шаламче өткізу бекетін жауып тастады. Олар осылайша, «екі елдің де туристері қауіпсіз болады» дейді. «Дегенмен, бұл қадам өзара сауда айналымына кері әсер етуі мүмкін», - дейді сарапшылар.

Хабар 24 телеарнасы