412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ата дәстүрге берік қиырдағы қазақтар

  • 834
  • UPD: 09:47, 19.11.2019

Еуропа елдері бойынша ең ірі қазақ диаспораларының бірі Францияда тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наурыз секілді бәріне ортақ мерекелерімен қатар алшақтағы қандастарымыз отбасындағы мейрамдарды да бірге атап өту үшін жиналады.

Париж шетінде болып жатқанын білмесең, бәрі қазақ ауылындағы тойдай. Кең жайылған дастархан, қонақтардың қалың қарасы бесікке салу дәстүріне жиналған. Бұл қазақ мигранттарының үшінші буыны, көбісі Франция мен Түркия азаматтары. Туған тілінен гөрі французша жақсы сөйлейтініне қарамастан, тарихи Отанының мәдени мұрасын қадір тұтады.

Меликеузун, қазақ диаспорасының өкілі:

– Әрине өзімді қазақпын деп санаймын. Түркияда дүниеге келіп, Францияда тұрып жатсам да, шыққан тегім қазақ. Балаларымызға ұлттық дәстүрлерімізді көрсетуге тырысып келеміз. Олар да кейін оны сақтасын деген ниетпен. Бұл мұра бізге ата-бабалаларымыздан қалған.

Ясин есімді нәресте Қазақстаннан арнайы әкелінген бесікке салынды. Ата-анасы үшін қазақ дәстүрін сақтау үлкен кісілерден қалған өсиет. Жергілікті диаспора өзара тығыз араласады. Бүкіл мейрамдарын бірге атап өтіп, өз арасында қыз алысуға тырысады. Ал бүгінгі тойға себепкер болған сәбидің анасы – ұлты түрік Ясмин. Ол осыдан екі жарым жыл бұрын қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан.

Ясин Алтай, Париж қаласының тұрғыны:

– Қазақ отбасына сіңісу – үлкен абырой. Өзім түрік болғандықтан, мәдениеттеріміз араласты деуге болады. Бірақ қазақтың рухани мұрасы өте бай және біз барлық салт-дәстүрді сақтауға тырысамыз, бүгін де сол мақсатпен жиналдық. Маған мұның бәрі өте ұнайды.

Түрлі есеп бойынша, қазір Францияда 2 мыңнан 3 мыңға дейін қазақ тұрады. Бұл осы елге Түркиядан жұмыс істеуге келген мигранттардың ұрпағы. Ата-бабалары Қазақстаннан жүз жыл бұрын қоныс аударған болатын. Көбісі тарихи Отанында болмаса да, тамырларымен байланысын үзген жоқ.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев.

Хабар 24 телеарнасы