384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бішкекте автобустар жаппай газға ауыстырылып жатыр

  • 116
  • UPD: 11:41, 19.11.2019

Бішкек қаласының билігі қоғамдық көлік экологиялық таза болуымен қатар, экономикалық жағынан да тиімді болу керек деп шешкен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатпен біртіндеп қаладағы көлікті газ отынына ауыстырып жатыр. Жаңа автобустарды бірнеше ай қолданғаннан кейін, бұл шешімнің дұрыстығы айқын болды. 

Газбен жүретін автобустарды пайдаланудың алғашқы алты айында Бішкек қаласының бюджеті 300 мың доллар қаражат үнемдеген. Қала мэриясы жолаушылардың тасымалдау үшін жаңа көліктерді сатып алу шешімін осыдан бір жыл бұрын қабылдаған болатын. Түрлі ұсыныстар қаралып, ақырында еуропалық, ресейлік және түрік өндірушілерден бағасы төмен қытайлық зауыт таңдалды. Ол әрқайсысы 72 мың доллар тұратын 60 автобусты жеткізді.

Тілек Кубатов, автобус жүргізушісі:

– Жаңа болғасын, әлі жөндеген жоқпыз. Бір жылдық кепілдемесі бар. Бұл мерзім әлі аяқталған жоқ. Ал сынып қалса, телефон арқылы мамандарды шақыртамыз. Олар тұрған орнында жөндеп береді. 

Бішкек үшін қоғамдық көлік мәселесі өзекті болып тұр. Соңғы уақытқа дейін қаланың жолаушылар тасымалы бойынша ұзақ мерзімді стратегиясы болмаған. Осы салада жағдайды жақсарту мақсатымен өзге ірі шаһарлардың тәжірибесі зерттелді. Оның арасында Алматыдағы коғамдық көлік қозғалысы да қарастырылған. Айта кетер жайт, Бішкек мэриясы таңдаған автобустар Алматыда да пайдаланылады. Олар техникалық та, қауіпсіздік жағынан да қажетті құралдармен жабдықталған.

Тілек Кубатов, автобус жүргізушісі:

– Міне, өрт сөндіргіштер тұр. Ұшқын атса немесе түтін шықса, олар мұны сезіп, бірден сөндіре бастайды.

Газ бағасы арзан болғандықтан, бюджет қаражаты үнемделіп отыр. Газдың бір литрі 20 сом тұрса, дизель отынының бағасы 45 сом. Сонымен қатар, ауаны да аз ластайды. Сол себептен Бішкек билігі келесі жылы газбен жүретін бірнеше ондаған автобусты сатып алуды көздеп отыр.

Авторы: Бакыт Чермашев.

Хабар 24 телеарнасы