384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия «Бейбітішілік қайнары» операциясын қайта бастаймыз деп сес көрсетті

  • 186
  • UPD: 23:21, 19.11.2019

Еуроодақ елдері мен Еуропарламент бірігіп, 2020 жылға арналған жаңа бюджетті бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Келер жылға бөлінген қаражатта Түркияға көмек айтарлықтай кеми түскен. Еуроодақ басымдықты жұмыссыздықпен күреске, климаттың өзгеруіне беріп отыр. Бұл орайда Түркия Сирияның солтүстігіндегі «Бейбітішілік қайнары» операциясын қайта бастаймыз деп сес көрсетті.

Егер Кәрі құрлық қаржылай көмек көрсетпесе, Түркия аумағындағы босқындарды Еуропаға жібереміз деген еді. Бірақ, мәлім болғандай Анкараның сесіне Еуроодақ құлақ аспаған сыңайлы. 

Түркия Сирияның солтүстігіндегі «Бейбітшілік қайнары» операциясын қайта бастауы мүмкін. Бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Себебін Мэвлют Чавушоглу былай деп түсіндірген.

Мевлют Чавушоглу, Түркия сыртқы істер министрі:

– Егер біз қажетті нәтижеге қол жеткізбесек, «Бейбітішілік қайнары» операциясын қайта бастаймыз. Басқа амал жоқ. Себебі Ресей мен күрд жасақтары берген уәделерін орындамай келеді. Шекаралас аумақтан келетін террористтік қауіпті қалайда сейілтуіміз керек.

Сирияның Түркия бақылауда ұстайтын өңірінде жойқын жарылыс. Теракт болып, 18 адам көз жұмды. 30 тұрғын жарақаттанған. Түркияның Сыртқы істер министрі айтып отырған себеп осы. 1 қарашадан бастап күшіне енген меморандумға сай Анкара Сирияның солтүстігінде оқ атпауы керек. Керісінше, Ресейлік әскерилермен бірігіп бақылауда ұстайды. Ал күрд жасағы өңірден кетеді. Дегенмен бұл соңғы міндеттемелер орындалмаған. Көріп тұрғаныңыздай, шабуылдар жалғасып жатыр. Әуе соққысы, мина қойып жарып жіберу фактілері де тіркелді. Бұл туралы БҰҰ-да айтып, дабыл қағып отыр.

Марк Лоукок, БҰҰ бас хатшысының әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары:

– Сирияның солтүстігінде оқ атпау келісімі орнатылғалы өңірде әскери әрекеттер азайды. Дегенмен Рас-эль-Эйн және Тель-Абядта қақтығыстар әлі болып жатыр. Қаруланған топтардың шабуылы мен әуе соққысынан 49 бейбіт тұрғын көз жұмған. Сирия аумағындағы шиеленістер халықты қажытты. 11 миллион адам көмекке зәру.

Осындай ушыққан жағдайға қарамастан, Еуроодақ Түркияға қаржылай көмекті 2020 жылы да көрсетпейтін болды. Нақтырақ айтсақ, Кәрі құрлықтың бөлген қаражаты көңіл көншітпейді. Айта кетейік, Бүгін Еуропа елдері Еуропарламентпен бірігіп жаңа бюджетті бекітті. Ол 168, 7 млрд еуроны құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қаражат 1,5 процентке көп. Дегенмен Еуроодаққа ұмтылған Түркияға деген көмек 85 миллион еуроға қысқарыпты.

Гюнтер Эттингер, ЕО бюджет бойынша комиссары:

– Жаңа бюджет қаржысы мұқтаж салаларға бағытталған. Алдымен жастарға арналған жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Содан кейін, климаттың өзгеруі мәселесін қолға алмақпыз. Цифрлық технологияларды енгізу де жоспарға кіреді. Инвестиция барлық Еуропа үшін тиімді болмақ.

Түркия елде мигранттардың қаптап кеткенін айтып, Еуроодақтан өткен жылы көмек сұраған. Себебі босқындардың Кәрі құрлыққа өтуіне дәл осы Анкара шекарасын шегендеп, жол бермей отыр. Нәтиже болмаған соң, Сирияда операция бастады. Ефрат өзенінің бойын күрд жасағынан босатып, өңірге 2 млн сириялық босқынды көшіреміз деді. Еуроодақ болса қаржылай көмек көрсетіп отырмыз дегенді алға тартады. Сондай-ақ операция үшін қатаң сынға алып, Анкара мен Брюссель қарым-қатынасы қиындады. Соңында бұл мәселе Таяу Шығыстағы таласқа әкеп соқты. Сарапшылар алып державалар арасында қақтығыс басталуы мүмкін деп болжам жасап отыр.

Сарикис Кассарджян, саясаттанушы:

– Қазір Сирияның солтүстігінде Түркия да, Ресей де, АҚШ та, Иран да жүр. Сириядағы дағдарыс ушығып барады. Түркия мигранттармен күресіп шаршадым, маған жер керек дейді. АҚШ маған мұнай керек дейді. Ресей мәселені шешуге көмектесеміз дейді. Түбінде өз қызығушылығын ойлаған алып державалар арасында Таяу Шығысқа талас басталып, қақтығыс болуы мүмкін. Бұл мәселеге жауапты қарау керек.

Еуроодақтың жаңа бюджетіне қатысты Түркия әлі ресми мәлімдеме жасамады. Дегенмен бұған дейінгі сес көрсетуін еске алсақ, қаржылай көмектің қысқарғанын естіп, Анкара мигранттар үшін Кәрі құрлыққа жол ашуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы