376,09 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық шипажай еуропалық сапа сертификатына ие болды

  • 249
  • UPD: 23:51, 20.11.2019

Еліміздегі шипажайлардың бірі алғаш рет еуропалық сапа сертификатына ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондай құжат Орталық Азияда жоқ деседі. Халықаралық кепілдеме Президент істері басқармасы медициналық орталығының «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне берілді.

Висбаден – Германиядағы спа-шипажайлардың астанасы саналады. Еуропалық сапа сертификатын тапсыру салтанаты дәл осы жерде өтті. Шараға әлемнің 25 елінен ең танымал деген туристік компания, ірі қонақ үйлер мен сауықтыру кешені өкілдері шақырылған. Олардың ішінде «Оқжетпес» шипажайы да бар. «EuropeSPA» еуропалық сапа сертификатын алған да осы емдеу-сауықтыру орталығы болатын.

Қайрат Беркінбаев, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті:

– Біз шетелдіктерді немен таңқалдыра аламыз? Әрине табиғатымызбен. Мұнда ыстық қайнарлары бар шығар. Бірақ бізде минералды суларымыз көп. Бұған қоса қымызбен емдейміз.

Сертификаттау жұмысын Еуропалық курорттық қауымдастық сарапшылары жүргізді. Мамандар қызметкерлердің біліктілігін, шипажайда тұру мен тамақтану, техникалық жабдықтау, қауіпсіздік және инфрақұрылым бойынша бағалапты. Толық тексерулерден соң қауымдастық өкілдері еліміздің шипажайын еуропалық сапаның ең жоғарғы талаптарына сай келеді деп мәлімдеді.

Курт Фон Шторх, «Europespa» халықаралық сертификаттау орталығының төрағасы:

– Бүгін алғаш рет қазақстандық санаторийді сертификаттағанымызға қуаныштымын. Бұл – елдің халықаралық деңгейге жеткенін көрсетеді. Біздің неміс шипажайлары да осындай сертификаттаудан өтеді.

Осылайша әлемнің ең үздік курорттар қатарына біздің елден тағы бір кешен қосылды. Қазақстандық санаторийдің бұл жетістігі – үлкен қадам. Енді тек Ресейден ғана емес, Еуропадан келетін демалушылар саны арта түседі деген сөз.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский.

Хабар 24 телеарнасы