376,72 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда әуе билеттерінің маусымдық қымбаттауы байқалады

  • 221
  • UPD: 10:43, 22.11.2019

Қырғызстанда әуе билеттері шарықтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жылғы демалысын шетелде өткізгісі келетін ел тұрғындары ұшаққа орта есеппен бір мың доллар жұмсайды. Ал монополияға қарсы қызмет шетелдік әуе компанияларының баға саясатына араласпай отыр. Көрші елдегі билет бағасын тілшіміз есептеп көрді.

Статистикаға сүйенсек, жыл сайын шетелде демалатын қырғызстандықтардың саны 20-30 пайызға артып келеді. Алайда жалпы санын алсақ, бұл орта есеппен жылына 3 мың адам, мұны тым көп деп атауға болмайды. Ал қысқы маусымда демалатын кісілердің саны одан да аз. Сол себептен, қыста жылы елдерге барғысы келетіндер алдын-ала қамдануы қажет.

Наталья Ефимова, туризм саласының менеджері:

– Жиі ұшып жүретін адамдар әуекомпанияларының айласын біледі. Мәселен Таиландқа алдын-ала билет сатып алғанда, оның құны шамамен 700 доллар болады. Ал уақыт аз қалғанда, бағасы едәуір қымбаттап кетеді, шамамен 1100-1200 долларға дейін.

Елдің монополияға қарсы қызметі шетелдік әуе компанияларының баға саясатына әзірше араласпай отыр. Керісінше, үкімет жергілікті әуе тасымалдау нарығына жаңа компанияларды тартуға тырысады. Олар жиі қатынаса, ел тұрғындарының шетелге кетуге мүмкіндіктері артады. Сондай-ақ, бәсеке әуебилеттер бағасын түсіруге жол ашады. Соңғы жылдары туристік компаниялар шипажайлармен тікелей әуеқатынасты жиі орнататын болды.

Кира Локалова, туризм саласының менеджері:

– Тура рейстер мен чартерлер пайда болды. Яғни алдын ала сатып алуға мүмкіндік бар, сонда бағасы қымбат болмайды. Туркомпаниялар тікелей ұшып-қайту, отельде тұру мен мерекелік дастархан қосылған түгел пакетті сатады.

Жаңа жыл алдында елде әуе билеттерінің тапшылығы байқалмайды. Халық жиі қатынайтын жалғыз бағыт – Ош қаласы. Күн сайын Бішкектен бұл шаһарға он шақты рейс ұшады. Билет бағасы екі жарым мың сом төңірегінде, бұл 13 мың теңгемен шамалас сома. Айта кетер жайт, үкіметтің талабы бойынша бұл баға төмендетілуі мүмкін. Бірақ ауа райы салдарынан елдің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын жалғыз күре жол жабылған жағдайда ғана. Осындай кезде билет бағасы 25-30 пайызға төмендейді.

Авторы: Бақыт Чермашев.

Хабар 24 телеарнасы