412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде ұшақ билеттері арзандады

  • 577
  • UPD: 11:56, 22.11.2019

Израиль Еуроодақпен Ашық аспан жөнінде келісімге қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде елде әуебилеттер бағасы едәуір арзандаған. Алайда бұл шараға жергілікті әуекомпаниялары қарсы шықты.

Көлік министрлігінің Еуропалық одақпен «ашық аспан» жөнінде келісімге қол қоятыны туралы жаңалық елде үлкен дау туғызды. Ұлттық әуетасымалдаушылар бұл шараға барынша кедергі жасауға тырысқан. Тіпті ереуіл де ұйымдастырды.

Игаль Коэн, «Аркиа» әуе компаниясының өкілі:

– Өкімет осы келісімге қол қойып, елдегі авиация саласын күйрететінін түсінбей отыр. Біз банкротқа ұшырап, жұмысымызды атқара алмаймыз. Ал елден шығудың жалғыз жолы біздің әуеқатынас болып тұрған қазіргі жағдайда, мұның нағыз апатқа айналатын түрі бар.

Алайда көлік министрлігі бұл мәселе бойынша қаталдық танытты. Өз ұстанымын жолаушылар мүддесімен түсіндірген. Мұндай келісімдердің тәжірибесі әуе билеттерінің бағасы арзандайтынын көрсетеді. Ал тасымалдаушылар арасында бәсеке болуы тиіс.

Гиора Ром, көлік министрлігінің өкілі:

– Осыған дейін біз әр елмен жеке келісімге қол қойып, қос тараптан ұшатын компаниялар мен рейстер санын шектеп келдік. Ашық аспан тәртібі барлық шектеуді алып тастайды, тиісті ережелерді сақтайтын кез-келген компанияның ұшуға мүмкіндіктері бар.

Ақырында келісімге қол қойылды. Жергілікті әуе компаниялары болжағандай мұның соңы ешқандай зардап әкелген жоқ. Керісінше. Израиль әуекомпаниялары бұрынғыша ұшып жүр, бірақ енді бәсекеге төзу үшін қызметін жақсартып, бағаларын арзандатуға мәжбүр. Нарыққа бірден 20 шақты жаңа компания кірді. Әсіресе лоукостпен айналысатын әуетасымалдаушылар. Осының арқасында билеттердің бағасы күрт төмендеген. Кейбір бағыттарда төрт есе арзандапты. Қазірде Еуропаның кейбір қалаларына не-бары 10 еуро төлеп қатынауға болады. Ашық аспан тәртібінің тағы бір жетістігі – арзан билеттерге қызыққан саяхатшылар саны едәуір артты. Бұл ел қазынасына табыстың 15 пайызын әкелетін туризм саласының дамуына қосымша серпін берген.

Авторы: Сергей Ауслендер.

Хабар 24 телеарнасы