429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина пойыз билеттерін сатып алушылардың нөпіріне қалай төтеп береді

  • 607
  • UPD: 14:22, 22.11.2019

Украинада жыл сайын 60 млн жолаушы темір жол қызметін пайдаланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жаңа жыл қарсаңында қарбалас арта түседі. Ресми статистика мәліметтеріне сай бұл кезеңде 2 млн астам адам темір жолмен саяхаттайды екен. Өткен жылы билетті сатып алудың онлайн жүйесі мұндай жүкті көтере алмай, істен шыққан.

Украинада темір жол билетіне бағаны мемлекет бекітеді. Пойыздың ыңғайына қарай баға саясаты сәл өзгеруі мүмкін. Дегенмен, Еуропа және ТМД елдері бойынша Украинаның темір жол билетін ең арзан деп есептеуге болады. Мысалы, 1000 шақырым қашықтық үшін Украина пойызындағы плацкарттың құны 5 долларды ғана құрайды. Сәйкесінше, тек жаңа жылдағы мереке күндерінде Украина темір жолымен 2 млннан астам адам жол жүреді екен. Сондықтан бұл уақытта пойыз билетін сатып алудың онлайн жүйесіне де қосымша жүк артылады.

Александр Кава, Украина инфрақұрылым министрінің экс-орынбасары, көлік саласының маманы:

– Өткен жылы жүйеге көп салмақ түскендіктен, сайт істен шықты. Биыл ескі платформа ауыстырылды, сондықтан жолаушылар билетті еш бөгетсіз сатып алады деп ойлаймын. Ең бастысы – сапарды алдын ала жоспарлаған жөн. Мереке қарсаңында әуе тасымалындағы қарбалас да арта түседі, баға да осы кезеңде қатты қымбаттайды.

Биыл Украинаның әуежайлары 20 млн жолаушыға қызмет көрсеткен екен. 60 млнға жуық адам Украина темір жолымен жол жүрген. Өкініштісі, темір жол вагондары жаңармаған, сондықтан сын көтермейді әрі мереке қарсаңындағы жол жүру уақыты қолайсыз.

Александр Кава, Украина инфрақұрылым министрінің экс-орынбасары, көлік саласының маманы:

– Сұраныс көп. Мәселе осыдан туындайды. Өкінішке қарай, Украина темір жолдары тәуелсіздік жылдар бойы қажетті жолаушы вагонын сатып алмаған. Ескі вагондардың саны екі есеге қысқарды. Сондықтан жаңа жыл алдында пойыздар кестесі ұлғайғанмен, жолаушылар ыңғайсыз уақытта жол жүруге мәжбүр.

Тасымал саласындағы мәселені шешу үшін Украина инфрақұрылым министрлігі 2020 жылы 26 жолаушы және 2000 жүк вагонын сатып алуды көздейді. Несие ақша Еуропалық қайта құру (ЕБРР) банкінен алынбақ. Айта кетерлігі, Украина Үкіметі 2020 жылдың бірінші наурызынан бастап Ресейдің ескі вагонын сатып алуға тиым салады. Бұл туралы шешім 2019 жылдың мамыр айындағы Үкімет отырысында қабылданған.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко.

Хабар 24 телеарнасы